Осы уақыт аралығында жаңа бастаманың қандай нәтиже көрсеткендігі туралы бүгін Алматы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері айтып берді.
Басқарма басшысы Талғат Әбдірахмановтың айтуынша, жолаушылар тасымалы 17-19 пайызға артты.
«Алғашқа апта «А» нүктесінен «В» нүктесіне дейін рейстердің ұлғайғанын көрсетті. Егер бұрын автобустар 3-4 рет айналым жасаса, қазір 5-6 рет қатынап жүр. Автобустар арасындағы интервал 1-2 минутқа жетті. Ал автобустар бұрынғыдай бәйгеге түспейді», — деді Т.Әбдірахманов. Бүгінге дейін 100-ге жуық ереже бұзушыға қатысты хаттама толтырылды.
Оның айтуынша, әкімдікте қабылданған 2012-2016 жылдарға арналған жолаушылар тасымалын дамыту бағдарламасына сәйкес 1-2 жылда Райымбек, Сейфуллин даңғылдарында да арнайы жолақ салынады.
Арнайы жолақ қаланың оңтүстігінен Мұстафин көшесінен басталып, Жандосов, Тимирязев, Қабанбай көшелерімен шығыс бөлігіндегі «Жетісу» базарына дейін жалғаспақ. Ол жерде болашақта жаңа автобект салынады.