"Аяғын жұлып алды": ит талап өлтірген қыздың анасы көзбен көргенін айтып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Аяғын жұлып алды": ит талап өлтірген қыздың анасы көзбен көргенін айтып берді

"Аяғын жұлып алды": ит талап өлтірген қыздың анасы көзбен көргенін айтып берді

6 жастағы қызды иттер талап өлтірді деген болжам жасалып отыр. Ал анасы балаға қасқыр тап беруі мүмкін дейді. Айтуынша, трагедия санаулы минуттың ішінде болған.

  • 20 Желтоқсан 2021
  • 85
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Үйде екі төбет бар. Полицейлер баланы солар талап өлтірген деп санайды. Алайда қыздың анасы үйдегі иттер ондайға бармайды дейді

Айта кетері, 17 желтоқсан күні Өскемен қаласына жақын "Красинец" бау-бақша серіктестігінің аумағында таланған қыздың денесі табылды. Алты жасар бала үйдің дәл алдында жатты. Дене жарақаттарына қарағанда оны жануар талап тастаған. 

"Ол күні Маша далаға ойнаймын деп шыққан. Мен үйден алыс кетпе, келгесін торт пісіреміз дедім. 18 желтоқсанда туған күні еді. Бірнеше минуттан кейін ол қолғабын ауыстырамын деп, кірді де, қайтадан далаға шығып кетті. Мен үйді жинадым. Емізіп жүрген тағы бір балам бар. Оны ұйықтатып отырдым. Арасында терезеге қарап, Машаны да бақылап тұрдым. Ол Шерхан деген итімізбен ойнап жүрді", — деді Дарья Орлова Yk-News басылымына берген сұхбатында. 

Ол біршама уақыттан кейін далаға кілем қағуға шыққан. Сол кезде Машаны үйге шақырыпты.

"Бір кезде кішкентайым оянып кетті. Мен тербетіп, терезеден қарасам, Маша иттің жанында қозғалмай жатыр. Жалаңаяқ далаға атып шықтым. Балам тайып құлап, есінен танып қалды ма деген ой да болды", — дейді қыздың анасы.

Оның айтуынша, баланың үстіндегі комбинезонның сау-тамтығы қалмаған. Қыздың тізесіне дейін аяғын жұлып тастаған. Айналасы қан болған. 

"Мен оны көтеріп алып, сілкілей бастадым. "Маша! Маша!" деп айқайладым. Денесі әлі жылы болып тұрды… Қалай болғаны сонда?! Мен баланың дауысын да, иттердің арс-арс еткенін де естіген жоқпын…", — деп атап өтті Дарья.


Көршілер де баланың көмекке шақырғанын естімепті. Қыздың аяғын ертесінде жол жиегінен тапқан. 

"Шерхан Машаның шұлығын иіскеді де, бізді аяғы жатқан жерге алып барды. Оны жолдың жиегінен таптық", — дейді қыздың анасы.

Полицейлер дәл осы ит кішкентай қызды талап тастады деп санайды. Алайда анасы балаға қасқыр тап беруі мүмкін дейді.

"Біздің екі итіміз бар. Біреуі – неміс төбеті, аты – Саманта. Оны байлап қойғанбыз. Екіншісі – Шерхан. Ол – кәрі ит. Күші сарқылған. Сол себепті босатып қойдық. Бірақ ол ит ондайды істей алмайды, тым әлсіз. Өзі балалармен үнемі ойнап жүретін, агрессияны байқаған емеспіз", — деді Орлова.

Әйелдің сөзіне қарағанда, бау-бақша серіктестігінің аумағында бос жүрген иттер аз емес. Иелері қауіпті екенін білсе де, үй жануарларын босатып қояды.

"Баламды біреудің иті немесе жабайы жануар талап тастады деп ойлаймын. Бізде алабай ұстайтын адамдар да бар. Ол иттерді төбелеске апарып жүреді. Оның алдында аштан қатырады ғой. Әдейі екі-үш күн тамақ бермейді. Ондай итті босатып жіберсе, не болатынын бәріміз білеміз. Бәлкім, қаңғыбас иттер, қасқыр да болуы мүмкін. Жақында ауылдың бір тұрғыны түнде қасқырға ұқсас бір жануарды көріпті", — дейді Дарья. 

Орловтардың үйі бау-бақша серіктестігінің шетінде орналасқан. Ауланың артқы жағында қоршау жоқ. Қайғылы оқиғадан кейін қаңғыбас иттерді ату шарасы басталды. Ал қыздың ата-анасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар