Жарияланды: 710

Әзербайжан мұнай және газ өндіру, көмірсутегі шикізатын өңдеу және тасымалдау саласында Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты пәрмендендіре түспек ниетте- И.Әлиев

Бүгін, 2-наурызда ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Келіссөздер барысында өзара қызығушылық тудырған кең көлемді мәселелер топтамасы сарапқа салынды. Атап айтсақ, Қазақстанның түрлі жаңартулар саласындағы табыстары жөнінде түсініктеме берген Әзербайжан президенті энергетика және әлеуметтік саясат саласындағы өзгертулердің тиімділігі мен нәтижелілігі жағынан республика ТМД аясында алдына жан салмайтынын атап өтті. Ал Қазақстанның зейнетақы жүйесінің реформалары саласындағы тәжірибесін Әзербайжан үлгі ретінде пайдалана алады. Мұнай және газ өндіру, көмірсутегі шикізатын өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық тақырыбына тоқталған И.Әлиев бұл мәселе төңірегінде екі бауырлас мемлекеттің мүддесі бір арнада тоғысатынын, Әзербайжан аталмыш сала бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты пәрмендендіре түсуге пейілді екенін мәлімдеді. Ал Баку-Тбилси-Жейхан мұнай құбыры жүйесін іске қосу екі мемлекетке "Еуропаға қуат көздерін баламалы сатушы елдерге айналуға мүмкіндік береді". Сөз реті келгенде Д.Ахметов қадірлі қонақтың назарын мынадай дерекке аударды: көп кешікпей Қазақстан бірқатар жаңа мұнай және газ кеніштерін игеруге кірісетіндіктен, Әзербайжанның осы саладағы тәжірибесін зерттеуге мүдделі. "Біз Әзербайжанның мұнай саласындағы машина жасау тәжірибесін бірлескен кәсіпорын құру жолымен пайдалануға ықылас білдіреміз. Мұнай саласындағы машина жасау өнеркәсібінің негізі ТМД аясында тұңғыш рет Бакуде қаланғанын әркім біледі",- деді үкімет басшысы. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі жақтың бірдей қызығушылығын тудырып отырған салалар бойынша өзара тәжірибе зерттеу және оны әжетке жарату үшін мамандардан өкіл алмасу туралы уағдаластыққа келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін