Жарияланды: 410

Әзербайжан президенті ресми сапармен елімізге келді

Бүгін, 1-наурызда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен елімізге келді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

Астана әуежайында Әзербайжан президентін ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник, ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаев және Қазақстандағы Әзербайжан елшісі Латиф Гандияловтар күтіп алды. Бұл Әзербайжан президенті И.Әлиевтің елімізге ресми сапармен алғаш рет келуі. Сапар барысында екі ел президенттері жеке жүздесумен бірге, екі ел өкілдердің кеңейтілген құрамдағы кездесулері өткізіледі. Әзербайжан мемлекет басшысы Еуразия университетінде, президент орталығының мұражайы мен Елордасының басқа да көрнекті жерлерінде болады. Ресми сапар аясында мәдениет, ғылым және туризм саласындағы өзара ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы Қазақстан- Әзербайжан үкіметаралық бағдарламасына қол қойылады. 2003-жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2002-жылғымен салыстырғанда 1,6 процентке кеміп, 126,5 млн. долларды құрады. 2003-жылы Қазақстан экспортының көлемі 113,2 млн. долларды құраса, импорт 13,3 млн. долларға жетті. Қазақстаннан астық, мұнай және газ, электр жабдықтар, көміртекті құрыш прокаты, табиғи және химиялық қосылыстар, арпа мен темекі өнімдері экспортталса, Әзербайжаннан Қазақстанға мұнай өнімдері, битум материалдары, машина және механизмдерге арналған қосалқы бөлшектер, этилен полимері, сұйықтық насостары мен көтергіш құралдар, құрастырылатын құрылыстық құрылғылар әкелінеді. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтеріне сәйкес, 2003-жылғы қазан айындағы жағдаймен Қазақстаннан Әзербайжанға сауда-саттық мақсатындағы несиелер, қарыз және басқа да міндеттемелер түрінде 4,7 млн. доллардың инвестициясы енгізілген. Ал 2003-жылдың 9 айында Әзербайжаннан Қазақстанға әкелінген жалпы инвестиция көлемі 13,2 млн. долларды құрады. Әзербайжандық кәсіпкерлердің қатысуымен Қазақстанда 36 кіші кәсіпорын, соның ішінде 13 бірлескен кәсіпорын құрылған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін