Жарияланды: 490

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына бұрынғы Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің есімі берілді

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына бұрынғы Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің есімі берілді. Осыған сәйкес, "Ұлт көсемі, Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің есімін мәңгілік есте сақтау туралы" жарлыққа 2004-жылдың 10-наурызында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қол қойды,- деп хабарлайды KZ-today ақпараттық агенттігінің Баку қаласындағы меншікті тілшісі.

Құжат бойынша, сондай-ақ, Әзербайжан Республикасының Гейдар Әлиев атындағы сыйлығы тағайындалды. Бұған қоса Әзербайжан жоғары әскери училищесіне, Баку халықаралық әуежайына, "Республика" сарайына, Баку қалалық спорттық-концерт кешені мен Су асты қондырғыларын өндіру зауытына Г.Әлиевтің есімі берілді. Сонымен бірге, Әзербайжан астанасындағы алаң мен көшелердің бірі, сондай-ақ, елдің басқа қалалары мен аудандарындағы бірқатар көшелер Г.Әлиевтің есімімен аталатын болды. Жарлық бойынша Баку және Нахычевань қалаларында Г.Әлиев атындағы ескерткіш кешендер ашу көзделген. Милли Меджлиске Г.Әлиев атындағы орден тағайындау мәселесін талқылау туралы ұсыныс түсірілді. Экс-президенттің құрметіне платина, алтын және күмістен ескерткіш тиындар шығарылады. Жарлықта сондай-ақ, Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына, "Лидер" бұрғылау қондырғысына Гейдар Әлиевтің есімін беру, Г.Әлиев атындағы қоғамдық қор құру жөніндегі мемлекеттік мекемелер, қоғамдық және жеке меншік құрылымдар тарапынан жасалған бірқатар ұсыныстарға қолдау білдірілген. Министрлер кабинетіне Баку және Нахычевань қалаларында ашылатын ескерткіш кешендердің жобасын жасауға 3 айдың ішінде байқау өткізу, сондай-ақ, Г.Әлиев атындағы қоғамдық қор құруға қатысты мәселелерді шешу жөнінде нұсқау берілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін