Банкир «Эйр Астананың» қызметкеріне қол жұмсады - kaz.caravan.kz
  • $ 472.34
  • 541.25
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Банкир «Эйр Астананың» қызметкеріне қол жұмсады

Банкир «Эйр Астананың» қызметкеріне қол жұмсады

Банкир жұдырық жұмсады. «Қазинвестбанк» директорлар кеңесіне мүше Дархан Ботабаев кассирді ұрды деп айыпталуда. «Эйр Астананың» Алматыдағы бөлімшесіне билет алуға келген қаржыгерге кассадағы қыздың қызметі ұнамаса керек. Ерсі қылық бақылау камерасына түсіп қалыпты.Таяқ жеген азаматша құзырлы орындарға арызданған. Бірақ «қылмыс құрамы жоқ» деген желеумен полиция іс қозғамапты. Енді тентекке қарсы шараны «Эйр Астананың» өзі қолданбақ. Әуе компаниясы Ботабаевты ұшақ маңына жолатпақ емес.

  • 28 Қыркүйек 2013
  • 431
Фото - Caravan.kz

Бұл «Эйр Астана» қызметкеріне Дархан Ботабаевтың жұдырық жұмсап жатқан сәтінен көрініс. Бір емес, бірнеше мәрте қызға қолын сілтеген. Дауысы естілмегенімен, икеміне қарағанда, оның кассирді бас-көз демей балағаттап жатқаны аңғарылады.

11-ші қыркүйекте қызмет орнында болған сол тосын жайтті Нұркенжегүл ұмытпақ емес. Алдына билет алуға келген лауазымды тұлға өзге біреуге ренжіп келсе керек, ішке ашумен кіріпті. Сөйтіп төлқұжатын қызметкердің бетіне лақтырған. Бірақ «мұныңыз не?» деген кассир сөзі клиенттің жұдырық жүгіртуіне ұласқан. 

Нұркенжегүл Байғазиева, зардап шегуші:

— Содан кейін басталды айқай, балағат сөздер. Мен жұмысымды жасап отыра бердім. Ол сол уақыттың барлығында ауызына келгенін айтты десе де болады. Содан кейін мен билетті бермек болған кезде бетімнен ұрып жіберді. 

Осыдан кейін кассир қыз бірден полицияға шағым түсіріп, дәйек ретінде таспадағы видеоны бергенін айтады. Бірақ бұдан ешбір бұзақылық әрекетті көрмедік деген сақшылар іс қозғаудан бірден бас тартыпты.

Нұркенжегүл Байғазиева, зардап шегуші:


— Құқық қорғау органдарына шағымданған кезде учаскелік полиция істі жауып тастады. Неліктен деген кезде, қылмыстық құрам жоқ деді. Оны жауапкершілікке тарта алмаймыз деді. Содан кейін мен прокуратураға арыздандым.
  

Тентекке қатысты шараны енді «Эйр Астананың» өзі қолданбақ. Әуе компаниясы Ботабаевты енді бортқа мінгізбейміз деп отыр.

Тілек Әбдірахманов, «Эйр Астана» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері:

— Бұл азаматты, жолаушыны біздің рейстерімізге ұшуға тыйым салуға арнайы үкімге дейін шешім қабылдадық. Яғни, бұл азамат енді біздің рейстермен ұша алмайды.

Қызға жұдырық сілтеген Дархан Ботабаевты табу мүмкін болмады. Жұмыс орнында да жоқ. «Қазинвестбанкте» ол тек тәуелсіз директорлар кеңесінің мүшесі екен. Сондықтан оның қайда екенін әріптестері де білмейміз деді. 

Белгілі болғандай, 31 жастағы Дархан Ботабаев банк қана емес, покер құмарлардың арасында да танымал екен. «Закон.кз» порталының жазуынша, 2008 жылы покерден Азия турнирінде 4 орынға да ие болыпты.