Жарияланды: 530

Банкир мен бандит: Қылмыс әлемінің беделдісі "Жабайы Арман" мен Балғынбек Имашевтің қандай байланысы бар?

Банкир мен бандит: Қылмыс әлемінің беделдісі "Жабайы Арман" мен Балғынбек Имашевтің қандай байланысы бар?

Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев әлеуметтік желіде Париждегі банкир мен Ыстамбұлдағы бандит туралы жазды. Дегенмен сөз ауанына қарағанда өзі жазып отырған бандитті қолдайтын әрі жаны ашитын сыңайлы.Танымал ақынның кімді меңзеп отырғаны нақты белгісіз.Алайда көпшілік айтыскер ақынның айтып отырған банкирі Мұхтар Аблязов деп болжаса, ал бандитті "Жабайы Арман" атымен белгілі Арман Жұмагелдиев деп жобалады.  

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды. 

"Банкир мен бандит
Екі түрлі адам, екі түрлі амал жасап жатыр. Екеуі де туған елден жырақта. Біреуі Парижде, біреуі Стамбулда. Біреуі күндіз-түні өз елін жамандайды, біреуі жүрген жерінде өз елін мақтайды. Біреуі қайта-қайта наразы елді алаңға шақырады, біреуі адалдықпен ықыласты амалға шақырады. Біреуі тыныштықтың шырқын бұзып күнә жасайды, біреуі маңдайын сәждеге қойып дұға жасайды! Біреуі саяси төңкеріс жасауды қалайды, біреуі рухани төңкеріс жасауды құптайды. Біреуіне "банкир" деп, біреуіне "бандит" деп айдар тағылған. Банкиріміз билік пен бишікештердің ақшасын санап отыр, "бандитіміз" Алланың жәннәт деген бақшасын қалап отыр.
Менің соңғы кездері санам сансырап, ойым шатасып кетті. Сондықтан сіздерге сұрақ қояйыншы. Ұрлықты тоқтатуға, зорлықты жоқ қылуға, есірткінің есігін, жезөкшенің тесігін жабуға, келімсекті жолға салып, телі-тентекті жөнге салып, жемқорлықты тамырын кесіп, арсыздықты ауыздықтап, кері кеткенді түзетуді, Отанын дұшпаннан күзетуді армандаған адам "бандит" па, әлде, пара беріп, пара алып тайраңдаған, Отанын өз қолымен ойрандаған, ел байлығын шетке шығарып сайрандаған, Елбасын өтірік мақтап жайраңдаған, рухани азып-тозып қайраңдаған, қазығы шариғатқа байланбаған, ешқашан халық қалап сайланбаған әкімдер мен министрлер, генералдар мен судьялар, депутаттар мен прокурорлар, банкирлер мен олигархтар "бандит" пе?
Бізге Робин Гудтай қарақшы да, Дон Кихоттай рыцарь да керек емес. Елім деген, жерім деген намысты жігіттеріміз жетерлік. Қазақты қытайға да, шешенге де, арабқа да, тәжікке де, ұйғырға да, грузинге де басындырмайтын батырларымызды заң орындары неге басбұзар бандит, қандықол қарақшы деп есептейді?
Аттарын атамадым, іштеріңіз сезіп отыр ғой. Мемлекеті жас, заңы әлсіз, креслоға жеткендері жемҚОР, пагон таққандары параҚОР, жалқаулары жалаҚОР, қалғандары бәлеҚОР, зиялылары зинаҚОР, жастары нашаҚОР - осынша қорлықтардан құтылмай қайтіп ел боламыз?",- деп жазды ақын Имашев.

Еске салсақ, жуырда ғана қылмыс әлемінде "Жабайы Арман" деген есіммен танымал адамның желіде арнайы челендж бастағаны белгілі. Кейбір мәліметтер бойынша, ол  қазіргі уақытта Ыстамбұл қаласында  жүрген көрінеді. Жабайы Арман  қазақстандықтарды өз мәдениетін есте сақтап, оны сурет арқылы көрсетуге шақырды. Яғни қолмен қар барысы мен қасқырдың қос белгісін қалай көрсету керегін түсіндірді.

Бірақ аталған Жабайы Арман мен айтыскер ақын Балғынбек Имаштың қандай қатысы бары белгісіз. 

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін