Банктер ең белсенді несие беруші: Экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 503.42
  • 542.08
+5 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Банктер ең белсенді несие беруші: Экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Банктер ең белсенді несие беруші: Экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Қазіргі жүйенің біршама шектеуі бар: мысалға, ол негізінен мемлекеттік бағдарламалар мен бюджетке тәуелді, ал қарыз алушылар үшін салалар мен қызмет түрлерінің саны шектеулі.

  • 27 Наурыз
  • 13
Фото: ашық дереккөз

19 наурызда БКБ бас директоры Руслан Омаров экономиканың нақты секторының қаржыландыру мәселесі талқыланған сарапшы-экономисттермен кездесуде сөз сөйледі. Caravan.kz медиа порталы осы кездесуде айтылған негізгі тұжырымдар және деректермен бөлісуді жөн көрді.

Алдымен қаржы және сақтандыру қызметімен айналысатын қарыз алушыларды қоспағанда, заңды тұлғаларға да, жеке кәсіпкерлерге де қатысты кәсіпорындарды классикалық несиелеу жағдайын қарастырайық.

2025 жылға қарай келесідей жағдай қалыптасты: 1 қаңтарға қарай жалпы портфель әртүрлі ұйымдар бойынша, банктер, мемлекеттік сектор, МҚҰ және басқалары, 26,5 трлн тг жетті. 2024 жылы көлемі, инфляцияны есептемегенде, 19,5%-ға немесе 4,3 трлн тг өсті, ал 2025 жылдың қаңтарында сәл төмендеді. Оған қоса қазіргі уақытта портфельдің шамамен төрттен үш бөлігі ЕДБ-ға тиесілі, 1 ақпандағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 67%-ды құрады.

Сәйкесінше, банктер қазір ең белсенді несие берушілердің бірі болып отыр: 2022 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың қаңтарына дейін олардың орташа айлық үлесі заңды тұлғалар мен ЖК берілген жалпы несиелердің 86%-ын құрады. Бұл ретте қаржы және сақтандыру салаларындағы қарыз алушылар қарастырылмаған.

Бұл ретте біз 2023 жылы Еуропалық инвестиция банкі жариялаған, әртүрлі дамушы елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы кәсіпорындарға жүргізілген ертеректегі зерттеулерді негізге ала отырып баға береміз. Зерттеуде есептелген несиелік алшақтық – бұл ынтасы жоқ қарыз алушылардың қаржыландыруға деген қажеттілігі. Яғни, жоғары пайыздық мөлшерлемелерге, қатаң талаптар мен күрделі рәсімдерге байланысты несие алуға жүгінбеген, бірақ банктердің несие қабілеттілігіне қойылатын талаптарына сәйкес келгендер.

Қазақстандағы осы несиелік алшақтықтың нақты көлемі, макроқаржылық жағдайларға байланысты түзетілгенде, ЖІӨ-нің 3,5%-ын (бағалау жүргізілген кездегі есеппен $6,2 млрд) құрады. Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт: осы соманың көп бөлігі, атап айтқанда 68%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі.

Несиелеу жайлы сөз болғанда, әсіресе, шағын және орта бизнеске (ШОБ) қатысты, факторинг сияқты механизмнің перспективаларын бөлек қарастырған жөн. Бұл қаржылық қызметтің бір түрі, оның жалпы мәні мынадай: компания өзінің төленбеген шот-фактураларын, яғни контрагент алдындағы талаптарын белгілі бір жеңілдікпен үшінші тарапқа (факторға) сатады, бірақ бұл қаражатқа төлем мерзіміне дейін қол жеткізеді. Механизмнің артықшылығы да осында — шағын және орта бизнес үшін ыңғайлы.

Алайда қазіргі уақытта Қазақстандағы факторинг нарығы, қолжетімді деректерге сүйенсек, әлі де айтарлықтай дамымаған. БКБ-ның 2023 жылға жасаған бағалауы бойынша сол жылы факторингтік қаржыландыру көлемі небәрі 10,9 млрд тг құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда бірнеше есе аз. Бұған осы сегменттің кейбір белсенді ойыншыларының нарықтан шығуы да әсер етті. Дегенмен, 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп отырған болатын, бұл факторингке деген сұраныстың бар екенін көрсетеді.

2023 жылғы мәліметтер негізінде жүргізілген болжамды есептеулерге сәйкес 2030 жылға қарай факторингтік қаржыландыру көлемі 5,9-7,5 трлн тг жетуі мүмкін. Бұл тек болжамды шама: оның бірінші бөлігі дебиторлық берешек пен айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиелер динамикасына негізделген, ал екінші бөлігі дамушы елдердегі факторинг портфелі мен ЖІӨ арақатынасы бойынша халықаралық деректерге сүйенеді.

Дегенмен, бір ескерер жайт – қазіргі уақытта факторинг нарығын талдау қолда бар деректердің жеткіліксіздігіне байланысты күрделене түсуде. Бұл жағдайды нарық қатысушыларының қолдауымен жақсартуға болады: Қазақстанда факторинг нарығының кәсіби қатысушыларын біріктіретін Ұлттық факторинг қауымдастығы (ҰФҚ) бар. ҰФҚ-ның негізгі ұсыныстарының бірі – факторингтік операцияларға қосылған құн салығын барлық ойыншылар үшін алып тастау, себебі қазіргі таңда бұл жеңілдік тек банк операцияларына қатысты қолданылады.

Классикалық несиелеуден бөлек тоқталып кетуге болатын тағы бір тақырып — облигациялар шығару арқылы қайтарымды қаражат тарту. Қазіргі таңда бұл механизм экономиканың нақты секторында, әсіресе, мемлекеттік емес, аса бір қатты дами қоймаған. Мысалы, KASE деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша биржаның ресми тізімінде нақты жеке меншік сектордан барлығы 45 эмитент болған (нақты квазимемлекеттік компаниялардан 12). Сонымен қатар нарықта қаржы ұйымдары басымдыққа ие — квазимемлекеттік құрылымдарды қоса алғанда барлығы 65 бірлік. Қаржы секторы жалпы айналымдағы корпоративтік қарыздың 2/3 бөлігін немесе 9,2 трлн тг құрайды.

2024 жылы KASE негізгі алаңында нақты сектордың бастапқы орналастыру көлемі – 39,9 млрд тг құрап, басқа секторлармен салыстыруға келмейтін деңгейде қалды. Мысалға, квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларды орналастыру көлемі – 2 трлн тг, қаржы ұйымдарынікі – 343 млрд тг, МҚҰ – 52,7 млрд тг.

Нақты сектор кәсіпорындарының KASE-тегі шектеулі өкілдігі және олардың бағалы қағаздарына сұраныстың аз болуы белгілі бір дәрежеде қазақстандық компаниялар үшін рейтингтік қызметтердің қолжетімділігінің төмендігімен байланысты. Атап айтқанда, елімізде мойындалған халықаралық агенттіктерден несие рейтингін алу құнының жоғары болуы.

Нақты сектор кәсіпорындарының облигациялар шығару арқылы қаржыландыруға қолжетімділігі жергілікті рейтингтік агенттіктердің пайда болуымен кеңейе түсуі мүмкін. Әзірге мұндай агенттіктерді дамытуға арналған несиелік тәуекелдерді тәуелсіз рейтингтік бағалау институты сияқты заңнамалық база жоқ. Алайда бұл жағдай өзгеруі әбден мүмкін. БКБ осы бағытта жұмыс бастап, ұлттық рейтингтік агенттік құрудың бастамашысы болды. Наурыз айының басында ҚР «Кредиттік рейтингтік агенттіктері туралы» Заң жобасының қоғамдық талқылауы аяқталды, оны ҚНРДА әзірледі. Жобаның мақсаты – жергілікті рейтингтік қызметтер нарығын дамыту үшін жағдай жасау, нәтижесінде олар кең ауқымды кәсіпорындарға қолжетімді болуы тиіс.

Нақты секторды қаржыландыру туралы айтқанда назар аударуға тұрарлық тағы бір мәселе – қолданыстағы кепілдік беру жүйесін реформалау. Бұл орайда халықаралық деректерді ескере отырып, мынадай тұжырым жасауға болады: жалпы алғанда, несие мөлшерлемесі белгілі бір деңгейден жоғары көтерілген сайын несиеге сұраныс төмендейтініне қарамастан (қазіргі таңда ҚР үшін өзекті), мәселені тиімді кепілдік беру жүйесін құра отырып шешуге болады. Өйткені бұл кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігін арттырады.

Қазіргі жүйенің біршама шектеуі бар: мысалға, ол негізінен мемлекеттік бағдарламалар мен бюджетке тәуелді, ал қарыз алушылар үшін салалар мен қызмет түрлерінің саны шектеулі. Бұл ретте ҚНРДА қадағалауымен жеке кепілдік қорларын құру және қарыз алушылар үшін кепілдік алуға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін кеңейту бұл мәселенің шешімі болуы әбден мүмкін.