Жарияланды: 790

Барлық деңгейдегі әкімдердің басты мақсаты ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бәсекелестік қабілетін арттыру болмақ- ҚР үкімет басшысы

Барлық деңгейдегі әкімдердің басты мақсаты ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бәсекелестік қабілетін арттыру болмақ. Бүгін, 6-қаңтарда агроөнеркәсіптік кешен мәселесіне орай Астанада өткен республикалық кеңесте ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Үкімет басшысының пайымдауынша, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде барлық алғышарттар жасалған. Атап айтсақ, елімізде ауылшаруашылығының өнім өндірушілеріне несиелік қаржы бөлетін даму институттары жұмыс істеп отыр. "Әйтсе де, өкінішке орай, біз бұл ретте айтарлықтай белсенділік таныта алмай отырмыз",- деді Д.Ахметов. Оның айтуынша, "Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтетін қарсаңда тұрған еліміз үшін ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекелестік қабілетін арттырудың өзектілігі артты". Осы орайда Д.Ахметов "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда өтпелі кезең деген болмайды", деп атап көрсетті. Өз кезегінде кеңесте сөз сөйлеген ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімов жергілікті атқарушы органдарының негізгі жұмыс бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, бірінші кезекте Жер Кодексінің тәртіптерін бұлжытпай орындау қажет. "Бұл жерде мәселе мерзімі 2004-жылы аяқталатын субаренда институты туралы болып отыр",- деді вице-премьер. Сондай-ақ, ол жер учаскелерін жеке меншікке сатуға және жер аукциондарын өткізуге қатысты шаралар мен процедураларды мейлінше жариялы, мейлінше ашық өткізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, А.Есімов "жеке меншік үй шаруашылықтарын мемлекеттік реттеу дәрежесі мен мәртебесін заңдастыру мәселесі мұқият зерттеуді талап етеді",- деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес, еліміздегі барлық малдың 80 проценті осындай шаруашылықтарда шоғырланған. Қазіргі жаңдаймен, түрлі жеңілдіктердің арқасында өнім мөлшері мен кіріс деңгейіне қарай шаруашылық қожайындары өнім өндірумен айналысатын ұсақ ауылшаруашылық құрылымдардан асып түсті,- деді А.Есімов. Оның айтуынша, өнім өндіруші құрылымдар мен жеке шаруашылықтардың ара жігін ажырату қажет. "Бұл орайда әңгіме халық қолындағы мал санын шектеу туралы өрбіп отырған жоқ, керісінше, елді мекендердегі мал санына норматив белгілеу туралы болып отыр",- деді вице-премьер. А.Есімовтың пікірінше, мұндай шаралар аймақтарда қолайды санитарлық жағдай жасау үшін қажет. Сөз соңында А.Есімовтың атап көрсеткеніндей, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда аталмыш сала үшін маман дайындау және қайта дайындау проблемасы басымдық берілген мақсаттардың бірі болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін