Мадридттық клубтың бас сұрмергені Диего Костаның алаңға шықпағанына қарамастан “Атлетико” өзінің үздік ойынын көрсетті. Кездесудің бесінші минутында-ақ алаң иелері есепте алға шығып үлгерді. «Барселонаның» айып алаңындағы қарбалас сәтте Коке гол соғып «Атлетиконы» алға шығарды. Бұдан кейін Давид Вилья есепті еселеуге тамаша мүмкіндік алды, бірақ доп қақпа бағанасынан кері серпілді. Осылайша Кокенің жалғыз голы ойын тағдырын шешті.
“Атлетикомен” бірге соңғы болып жартылай финалға Мюнхендік “Бавария” да шықты. “Олд Траффорд” стадионында “Манчестер Юнайтедпен” 1:1 есебімен тең түскен германиялықтар өз жерінде айқын жеңіске жетті.
Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Есесіне үзілістен кейін Патрис Эвраның тамаша соққысы қонақтарды алға шығарды. Бірақ манчестерлік жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Марио Манджукич таразы басын теңестірсе, Томас Мюллер таблодағы есепті 2:1 ге жеткізді. Үлкен күшпен шабуылдаған “Бавария” матч соңына дейін тағы бір доп соқты. Гол авторы Арьен Роббен. Енді чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан төрт команда өз қарсыласын 16-шы сәуірде өтетін жеребеде білетін болады.
Испания жолдарын кес-кестеген «Баск елі турының» үшінші кезеңінде астаналық қос шабандоз алғашқы ондықтан орын тепті. Жерлесіміз Максим Иглинский сегізінші, ал италиялық легионер Энрико Гаспаротто мәре сызығын тоғызыншы қиды.
194,5 шақырымды құраған кезеңнің бас бәйгесін аустралиялық Майкл Мэттьюс иеленді. Ол мәре алдындағы спринттік бәсекеде француз Кевин Реза мен поляк Михайл Квятковскийдің алдын орап кетті. Бүгінгі кезеңнің нәтижесі генеральдық тізімге айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Үлкен көшті көпкүндіктің бірінші кезеңінде алдына жан салмаған испаниялық шабандоз Альберто Контадор бастап келеді. Астаналық Микель Ланда жалпы есепте әзірге тоғызыншы орында.