Жарияланды: 540

Батыс Қазақстан облысында бруцеллезбен күрес шараларына 15 млн. теңге бөлінді

Батыс Қазақстан облысында малдың бруцеллез дертімен күрес шараларына республикалық бюджеттен 15 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы мал түліктерін сауықтыру мақсатында жұмсалмақшы. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасынан хабарлады.

Қазақстан бойынша 18 елдімекен бруцеллез ошағына саналса, олардың 9-ы Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Бруцеллез дертінің әсіресе қой мен ешкі арасында кеңінен таралуы мамандардың алаңдаушылығын тудырып отыр. 2003-жылы адамдардың бруцеллез жұқтыру оқиғасы 14 мәрте тіркелген. Қазір облыстық мал дәрігерлік станция мамандары бруцеллез дертінен сақтану үшін қолданылатын препараттың дозасына қатысты наразылық білдіуде. Дәрінің 1 ампуласы 500 басты малға есептелген. Алайда, шаруашылықтың барлығында бірдей осыншама мал санала бермейді. Препарат ашылғаннан кейін 4 сағаттың ішінде пайдаланылуы тиіс болғандықтан, көп жағдайда дәрі босқа рәсуа болып, кейде тіпті жетіспей жатады. Мал дәрігерлерінің пайымдауынша, вакцинаның бір ампуласы 20 дозадан аспауы тиіс. Бруцеллез дертімен күрес шаралары биылғы жылдың мамыр айында басталады деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін