Бұған дейін бұл тізімге Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Алматы облысындағы Таңбалы тас кешені енген еді. «Қазақстанға жер-жаһаннан миллиондаған турист ағылатын EXPO көрмесі алдында бұл шараның маңызы зор», — дейді археологтар. Ғалымдар қорымдағы жәдігерлерді қалпына келтіре отырып, ашық аспан астында мұражай ашуды көздейді. Жақында археологтар жергілікті қазынадан бөлінген қаражатқа қорымды қоршап, үш тілде ақпарат беретінтақта орнатқан. Ал 2004 жылдан бері мұнда «Мәдени мұра» бағдарламасымен реставрация жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын бұл тарихи ескерткіш несімен құнды? Осыдан 60 жыл бұрын академик Әлкей Марғұланның археологиялық зерттеулері Беғазы қорымындағы қола дәуірдің құпия сырын ақтарып еді. Әр уақыттарда жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде біздің дәуірімізге дейінгі XVII-XIX ғасырлар аралығын қамтитын көптеген мәліметтер шоғыры жинақталды.
«Беғазы қорымында орналасқан кесенелер — осыдан үш жарым мың жыл бұрыңғы алғашқы ел басқарған көсемдердің орындары. Біз кәсіби, ғылыми тілімізде мұны көне мемлекеттіліктің нышаны деп айтамыз. Қазақ сахарасындағы біздің мемлекеттілігіміздің тарихи тамырлары осы тастардан білінеді. Осыдан біз нақты дәлел аламыз», — дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Арман Бейсенов.