Жарияланды: 720

Би-Би-Сидің қазақ тіліндегі қызметі Қазақстан аумағында хабар таратуды қайтадан жандандырады

2003-жылдың 27-қазанынан бастап Би-Би-Сидің қазақ тіліндегі қызметі Қазақстан аумағында хабар таратуды қайтадан жандандырады. Бұл туралы бүгін, 20-қазанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Би-Би-Сидің Орталық Азия және Кавказдық қызметінің директоры Хамид Исмаилов хабарлады.

Оның айтуынша, дүйсенбі мен жұма аралығында астана уақыты бойынша 19 сағатта эфирге шығатын күн сайынғы жарты сағаттық бағдарламаларды үш бірдей жас жүргізуші жаңаша үлгіде дайындайтын болады. Би-Би-Си хабарлары Астанада 11,97 , ал Алматыда 10,98 орта толқында таратылады. "Қазақстанда, соның ішінде жастар арасында қазақ тілінің өзектілігі арта түсуде, сондықтан да біз қызметкер құрамын жас журналистермен толықтырдық. Олардың даусы жас тыңдаушылардың жүрегін билеп, жаңалықтарды таратудың қазіргі заманғы үрдісі әлемдегі оқиғаларды Қазақстандық тыңдаушылардың, ал Қазақстандағы оқиғаларды әлемнің назарына ұсынуға қолұшын береді деп сенеміз",- деді Би-Би-Сидің қазақ тіліндегі қызметінің продюсері Дәулет Жұмаділ. Би-Би-Сидің қазақ тіліндегі қызметі жаңалықтар бюллетенін әзірлеу, аймақтағы және дүниежүзіндегі өзекті мәселелер бойынша сарапшылармен, саяси қайраткерлермен және түсініктемешілермен сұхбат құру жұмыстарымен айналысады. Орталығы Лондонда орналасқан бұл қызмет Астана, Алматы, Ташкент және Мәскеуде жұмыс істейтін стрингерлер тобынан құралады. 43 тілде хабар тарататын Би-Би-Сидің бүкіләлемдік қызметінің дүниежүзінде 150 млн. тыңдаушысы бар. Өз іс-қызметінде Би-Би-Си Ұлыбритания үкіметіне тәуелділіктен құтқаратын Корольдық Хартияға бағынады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін