Білім министрлігі қазақ тілін қысқартып, ал ағылшын тілін 1-ші сыныптан оқытпақ - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Білім министрлігі  қазақ тілін қысқартып, ал  ағылшын тілін 1-ші сыныптан оқытпақ

Білім министрлігі қазақ тілін қысқартып, ал ағылшын тілін 1-ші сыныптан оқытпақ

Білім министрлігінің балалардың басын қатыратын кезекті бастамасы тағы дауға қалды. Түрлі сынақтан жалықпайтын ведомства бүгін 2015 жылдан бастап іске асырылатын 12 жылдық білім берудің стандартын жасап, Мәжіліске алып келді. Бірақ кезекті реформаның мазмұны бірден түсінбеушілік туғызды. Ал депутаттар 1-ші сыныптан бастап «ағылшын тілін оқыту керек» деген министрліктің ұсынысына тегіс қарсы шықты.

  • 9 Сәуiр 2014
  • 392
Фото - Caravan.kz

Білім министрлігінің сыры Мәжіліске мәлім. Сондықтан болар балалардың болашағына қатысты реформа талқыға үскен жиынға вице-спикер Дариға Назарбаеваның өзі қатысты. Ал шенеуніктердің алғашқы жаңалығы депутаттарды таңғалдырды. Енді ағылшын тілі тәжірбие жүзінде оқытылып қоймай, 1-ші сыныптан бастап міндетті пән ретінде енгізілмек.

Есенғазы Иманғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

-Жаңа стандарт оқушыларды өз бетінше ізденуге, қоғамда еркін қарым-қатынас жасауға үйретеді. Бұл бағдарлама арқылы болашақта үш тілді ұрпақ тәрбиелеп шығамыз.  

Ұстаздар дәл осы үш тілдік жүйені естігенде өре түрегелді. Ағылшын тілін 3-ші сыныптан үйренсе де кеш емес дейді депутаттар да. Ал, жаңа бағдарламада қазақ тілі 7 сағатқа қысқарып қалған.

Әмина Әмірова, педагогика ғылымдарының докторы:

-Бірінші сыныптар үш тілді қатар меңгеру оқушылардың қабылдау мүмкіндігіне қайшы келеді. Үш тілді әліппе оқушылардың сауатты ойлап, сөйлеуге үйретпейтіні анық.

Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:

-Бірде бір әлемнің дамыған мемлекеттері 1-ші сыныпта екінші немесе үшінші сыныпта  шетел тілдерін оқытпайды. Олардың бәрі ақымақ па сонда?

Бұл аздай Білім министрлігі алты жасар балаға информатика пәнін де үйретпек. Оңы мен солын танымайтын оқушы кесте, диаграмма, слайдпен жұмыс істеуге тиіс. Ал, негізгі жол сілтеуші оқулық – Әліппе бағдарламадан мүлдем түсіп қалыпты. Жаңа стандарттың тағы бір түсініксіз тұсы – «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» пәндер бірігіп кеткен. Бұған дейінгі реформаларды сан рет сынаған депутаттар бұл жолы да Білім министрлігін түк түсіне алмады.


Дариға Назарбаева, Мәжілістің вице-спикері:

-Елімізде қазір Американың, Англияның жүйесімен оқытатын мектептер бар. Солардың бірінде менің қызым оқиды. Бірақ, осы күнге дейін пәндерді біріктіріп оқыту дегенді естімептім. Оның үстіне «жаңа стандарт батыс елдерінің үлгісі бойынша жасалды»  дейсіздер. Ол қандай мемлекеттер екені түсініксіз?

-Қай мемлекет екенін шенеуніктердің өздері де, жарытып түсіндіре алған жоқ.  Ал түрлі тәжірбиеден алдына жан салмайтын министрлік 12 жылдық білім беруге қатысты жаңа стандартты оқу бағдарламасына келесі жылдан бастап  енгізуді жоспарлағап қойған екен. Бірақ, бүгінгі сыннан кейін реформаның кем дегенде тағы 3 жылға шегерілетін түрі бар.