"Бір бөтелке сыра адам өмірінің құны": Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Бір бөтелке сыра адам өмірінің құны": Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды

"Бір бөтелке сыра адам өмірінің құны": Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды

Талғардағы жасөспірімнің өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Бір бөтелке сыра адам өмірінің құны болды.

  • 8 Қазан
  • 30
Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Талғардағы жасөспірімнің өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Бір бөтелке сыра адам өмірінің құны болды. Төбелесте қаза болған 16 жастағы Шерзаттың әкесі Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасады.

«Мен Бас прокурор Берік Ноғайұлына тікелей үндеу айтқым келеді. Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесімін. Талғар әкімдігі, прокуратурасы мен ішкі істер департаментінің басшысы ешқандай әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Қал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түнде бізді тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, арыз жаздыртып отыр. Сізден сұрайтыным: ашық сот болуын талап етемін. Өлетін балам өлді, мені де алсын, мені де қамасын, бірақ әділ шешім үшін ашық сот болсын», — дейді Шерзаттың әкесі. 

Қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Болат Шерзаттың әпкесі істің әділ жүрмей жатқанын айтып, видео үндеу жасады. Айтуынша, сол жерде болған 15-20 шақты адамның жартысын ғана ұстаған.

«Қылмыскерлердің бәрін бізге көрсетсін, ашық сот болсын. Подполковник бізге солай уәде берді. Біз тіпті телевидение де шақырдық. Себебі біздің жанайқайымызды түсінетін ешкім жоқ», — деді әпкесі.

Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар деген шағын қалада марқұм Шерзаттың әкесі мен анасы жалдап отырған дүкенге бір жігіт келген. Ол сыра алып, оның ақшасын төлегісі келмей, жанжал тудырған. Видеодағы жігіттің інісі мен ұлы, яғни, Шерзат бұзақыны тыныштандырып, сыртқа шығармақ болған. Сол сәтте ол бір топ досын шақырып, төбелес шығарған. Суыт қару асынған күдіктілер баланы анасының көзінше пышақтап кеткен.

Қоғамдық резонанстан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

«Алматы облысының Талғар ауданында болған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеп жатыр. Кінәлілер тиісті жазасын алады», — делінген жазбада.

Журналист Гүлмира Әбіқай баланы қатыгездікке тәрбиелеген ата-ананы да заңды жауапкершілікке тарту қажет пе деген сауал жолдап, істі егжей-тегжейлі тексеруін талап етті.

Ал марқұм жасөспірімнің анасы әділеттілікті талап етіп, қылмыскерлерге тиісті жазасын беруді сұрайды.

«Не деген сұмдық, халық? Заң қайда? Не деген айуандық, тапа-тал түсте әкесін бір жаққа, анасын екінші жаққа лақтырып, қолдарына қансыраған балаларын тастап кеткендері қалай? Жұртқа не болды, кішкентай бала кімнің ақысын жеген еді? Халық қарап отырды, көмекке ешкім келмеді», — деді марқұмның отбасы.

Шерзат үйіндегі бес баланың ең үлкені. Сондықтан кішілерге үлгі болуды армандаған. 10-сыныпта оқып жүрген жасөспірім әскери училищеге түсуге дайындалып жүрген еді.