Баланы қатыгездікке тәрбиелеген ата-ананы да заңды жауапкершілікке тарту қажет па?  - kaz.caravan.kz
  • $ 492.22
  • 529.38
0 °C
Алматы
2024 Жыл
7 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Баланы қатыгездікке тәрбиелеген ата-ананы да заңды жауапкершілікке тарту қажет па? 

Баланы қатыгездікке тәрбиелеген ата-ананы да заңды жауапкершілікке тарту қажет па? 

Ересек адам тұрмақ баланы қорғай алмайтын мемлекет болдық. Әр аудан мен өңірде бала құқын қорғайтын өкілдер көбейген сайын бала өлімі де көбейді.

  • 7 Қазан
  • 194
Фото: видеодан алынған

Апта соңындағы оқиғадан әлі ес жия алмай жатыр халық, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы. 

Талғар қаласы. 16 жасар Шерзаттың ата-анасы дүкенді жалға алған. Сағат 22-лерде масаң жігіт келіп, сыра алады. Ақысын төлемей кетіп бара жатқанда артынан баланың әкесі шығады. Жанында тұрған бауыры да оған ілеседі. Тура осы сәтте дүкенге телефонның зарядкасын алуға Шерзат кіреді. 

Әкесінің бауырымен ерегескен масты ажыратамын деп тұрғанда көшедегі 2-3 жігіт бұларға төпеп береді. Сол арада біреуі телефон арқылы достарын шақырады. 

Дайын тұрғандай 3 көлікпен жас жігіт-қыздар жетіп келіп жабылып ұра бастайды. У-шу дауысты естіп Шерзаттың анасы жүгіреді. Шырқараған ана дауысы көшені жарды. Видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

Анасы полиция, жедел жәрдем деп айқайлағанымен баласына араша түсе алмады. Қас-қағым сәтте қаскөйлер 16 жасар Шерзатты айуанша ұрып, ол сол жерде көзін жұмып кете берді. 

Оқиғаны көріп тұрған жандар көршілес үйден видео түсіргені болмаса ешкім жәрдемге етпеді. Сол күйі полиция да, жедел жәрдем де келмеді. Таяқ жеген Шерзаттың әкесі қансыраған бауыры мен естен танған ұлын өз көлігіне тиеп ауруханаға кетті. Аңырап ана қалды. 

Реанимацияға жеткенімен бәрі кеш еді. Бірнеше жерден кірген пышақ, өкпені осып өтіп, қан толып, жеткіншек есін жимастан көз жұмды. 

Өткен айдың басында Ақтөбеде дәл осылай 16 жасар оқушыны топ бала теуіп өлтіріп еді. Зайсанда қыздар жүр «айырамын» деп бір қызға топ болып жабылып. 

Төбелестен бөлек күніне жол апатынан, дерттен, өрттен, қараусыз қалып не өз әке-шешесі ұрып өлтіріп қанша бала өмірден өтуде. 

«Ересек адам тұрмақ баланы қорғай алмайтын мемлекет болдық. Әр аудан мен өңірде бала құқын қорғайтын өкілдер көбейген сайын бала өлімі де көбейді. Не істейміз, Халқым? Бәріміз үкілеп ұл-қыз өсіріп отырған ата-анамыз? Баланы қатыгездікке тәрбиелеген ата-ананы да заңды жауапкершілікке тарту қажет па?  Асқан қатыгездікпен өлтірілген әр баланың өлімі һәм тергеу мен жаза жайлы ҚР Ішкі істер министрлігі жауап берсін», — деді журналист Гүлмира Абықай. 

Алматы облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, барлық қатысушыларды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Әлеуметтік желіде тараған видеода, марқұм жасөспірімнің анасы әділеттілікті талап етіп, қылмыскерлерге тиісті жазасын беруді сұрайды.

«Не деген сұмдық, халық? Заң қайда? Не деген айуандық, тапа-тал түсте әкесін бір жаққа, анасын екінші жаққа лақтырып, қолдарына қансыраған балаларын тастап кеткендері қалай? Жұртқа не болды, кішкентай бала кімнің ақысын жеген еді? Халық қарап отырды, көмекке ешкім келмеді», — деді марқұмның отбасы.