Бір доллар 255 теңгеден асты! Ертеңнен бастап барлық импорттық тауарлардың құны шарықтайды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бір доллар 255 теңгеден асты! Ертеңнен бастап барлық импорттық тауарлардың құны шарықтайды

Бір доллар 255 теңгеден асты! Ертеңнен бастап барлық импорттық тауарлардың құны шарықтайды

Бүгін Үкімет теңгені еркін айналымға жіберді. Сөйтіп, доллардың құны бірден 255-ке дейін шарықтап шыға келді. Яғни енді Ұлттық банктің ұлттық ақшамыздың тағдырында  шаруасы болмайды. Оның құнсызданып, не бағасының еселеп артуын әлемдегі экономикалық жағдайға қарай нарық реттейді. Мұндай өзгеріс тәуелсіздігіміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. Бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов министрлер мен журналистерді шұғыл жинап, мұндай шешім қабылдауға не себеп болғанын түсіндіріп берді.

  • 21 Тамыз 2015
  • 445
Фото - Caravan.kz

Бүгін журналистер бір жарым жылдық үзілістен кейін алғаш рет Үкіметтің табалдырығын аттады. Кәрім Мәсімов әдетте жабық өткізетін жиынға министрлермен қоса аяқ астынан тілшілерді де шақырыпты. Бірақ Білім, Мәдениет, Ауыл шаруашылығы министрлері жайбарақат жүр. Шұғыл кеңеске Келімбетов, Сұлтанов, Сағынтаевтар ғана асығып барады. Онысы орынды да екен. Премьер теңгенің тағдырына қатысты мәлімдеме жасады. 

Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

— Ұлттық банк пен Үкімет 20 тамыздан  бастап жаңа ақша-несие  саясатына көшті. Енді валюта дәлізін алып тастап, еркін айналым дәлізіне өтеміз. Бұдан кейін  айырбас бағамы көтерілуі де, төмендеуі де мүмкін. Ол әлемдік экономика мен ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты. Біздің эскпорттық тауарларға деген сұраныс пен бағаның төмендеп кетуінен жаңа ақша саясатына ауысуға  мәжбүрміз. 

Яғни, теңгенің ендігі тағдыры нарыққа байланысты. Ал, ұлттық валюта құлдыраған жағдайда Ұлттық банк резервтен ақша бөліп, араша түспейді. Егер теңгені қосымша қаржымен қолдауды жалғастыра берсек, ел экономикасы дефолтқа ұшырайды екен. Үкіметтегі жиында осылайша  қысқа қайырған Мәсімов командасын ертіп, кейін тікелей эфирде өтетін брифингке келді. Сөйтіп, экономика қандай өзгеріске ұшыраса да әр азаматтың болашағын жарқын етемін деп уәде берді.

Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

— Жұртқа әлеуметтік қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, т
еңгенің еркін бағамы инфляцияны 3-4 пайыздан асырмауға  мүмкіндік береді.

Үкімет «қаржылық жаңа саясатқа көштік»  деп аузын жиғанша болған жоқ  доллардың бағамы 255 теңгеге бір-ақ көтерілді. Адамдар болса, валюта айырбастау орындарына қарай АҚШ-тың  ақшасын іздеп  ағылуда. Ал Ұлттық банк төрағасы бұл жолы еркін айналымның соңы девальвацияға апаруы мүмкін екенін жасырмады. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

—  Бұл девальвация емес. Теңгенің бағамын нарық реттейді. Бірақ, бағамды нарық белгілейтін болғандықтан, девальвация да болуы мүмкін.

Жаңа ақша саясатынан кейін енді мемлекеттен берілетін несиенің үстемесі 9 пайызға қымбаттайтын болды. Есесіне, бюджеттен  автонесиеге қосымша 10 миллиард теңге бөлінбек.

Енді доллардың бағамы жеті күннің ішінде тұрақтайды екен. Ал сарапшылар ертеңнен бастап бүкіл импорттық тауарлардың құны шарықтайды деген болжам жасауда. Бірақ бүгіннің өзінде автосалондар есіктерін жауып, бағаны ауыстырып жатыр. Қымбатшылық азық-түлікке де келмес үшін Премьер-министр әкімдердің барлығына шұғыл штаб құрып, бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар