Бишімбаев неліктен алқабилер сотына жүгінді? - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бишімбаев неліктен алқабилер сотына жүгінді?

Бишімбаев неліктен алқабилер сотына жүгінді?

Қазіргі таңда бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі өтіп жатыр. Оған әйелін аза қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Кейін айыпталушы істі алқабилердің қарауына беруді, сондай-соттың ашық режимде өткізілуін сұрады.

  • 11 Сәуiр
  • 39
Фото: ашық дереккөзден

Енді күн сайын тікелей эфир арқылы миллионға жуық қазақстандық сот отырысын бақылап отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

27 наурыз күні елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. Алқабилер алқасына 2 адам: 10 – негізгі, 2 – қосалқы құрам таңдалды. Оның ішінде судья да бар. 

Айыпталушы не үшін алқабилер сотына жүгінді?

Сарапшылардың ойынша, қолданыстағы тәжірибеде алқабилер сотында қаралған істердің ақталу ықтималдығы бес есе жоғары. Алқабилер сотына жүгіну кез келген Қазақстан азаматының конституциялық құқығы. Бишімбаев осы құқығын пайдалану арқылы, істі жариялағысы келген сияқты. Себебі бірінші күннен бастап ол өзіне тағылған кінәні мойындамады, сол себепті халыққа өзінің кінәсіздігін барлық заңды тәсілдермен көрсеткісі келген тәрізді. Бұл тәсілді оның адвокаттарының қолданғанына барша халық куәгер болды. Сот отырысының алғашқы күнінен бастап адвокаттар мен айыпталушы марқұм Салтанат Нүкенованы барынша «қаралауға» тырысты. Ал Бишімбаев бұл жерде құрбан. Не үшін бұлай істеп отыр деген сұрақ туындайды. 

Қазақстанда 20 миллион адам болса, оның 10 миллионы ер адам. Статистика бойынша, ер адамдар мемлекеттік қызметте, басшылық қызметте, азаматтық белсенді адамдар. Ал ер адамдардың көбі күйеуі әйелін ұрса демек әйел өзі кінәлі, тілден тапты деп ойлайды. 

Бұл сөздердің дәлелі ретінде депутаттардың сөздерін еске салайық. 

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жанжалдың бәрі әйелдердің тілі ұзын болғанынан шығады деп мәлімдеген еді.

«Әйелге ең жаман еркектер ғана қол көтереді. Бірақ барлық жанжал ұрып-соғу мен төбелестен туындамайды. Еркектерді де түсіну керек. Жанжал неден басталады? Әрине, әйелдің тілі ұзын болғандықтан. Әйелдер мені кешірсін, бірақ мұндай фактілер де бар. Қазақта мынадай жақсы мақал бар: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» дейді. Сондай-ақ «Ерге жақсы әйел – елге де жақсы» дейді. Өкініштісі, барлығымыз қазақы тәрбиеден алшақтап жатырмыз», – деді Анас Баққожаев.

Ал Жарқынбек Амантайұлы жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелі де жауапқа тартылуы керек деген ұсыныс тастаған. Отбасында жанжал туындаса, қоғам көбінесе ер адамдарды кінәлайды.

«Отбасында екі тарап та жауапкершілікке тартылуы керек. Ер адамды 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, онда оны кінәлі деп тапса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені, отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, біз көп мәселені тізгіндей аламыз», — деген еді ол.

Міне осындай ер адамдардың ойларына қарап, адвокаттар әдейі осы тақырыпқа бұрмалап әкелген сияқты. Себебі «Салтанаттың өзі сондай, жеңілтек, ашулана береді» деген айыптаулар халықтың санасына сіңіп қалса, әсіресе ер азаматтардың, сол кезде Бишімбаевтың жазасы жеңілдеуі мүмкін.

Атап өтетін жағдай, қазіргі таңдалған алқабилердің бесеуі ер адам. 

Халық алқабилердің кім екенін білмейді. Оларды көрсетуге де, фото-видеоға түсіруге де тыйым салынған. Алайда сот процесінің қалай өтіп жатқанына миллиондаған халық куә болып отыр. Оның ішінде кәсіби мамандар да, қатысы жоқ белсенділер де бар. Олар процесс қалай өтіп жатқанына наразы. Айыпталушының адвокаттары дөрекі, судья процесті бақылауда ұстамай отыр дейді. 

Дегенмен, халық алқабилердің әділ үкім шығаратынына сенеді. Осы тұста алқабилер қалай іріктелетініне, оған кімдер қатыса алатынына тоқталайық. 

Алқабилерді іріктеу процесі барлық іс бойынша бірдей. Сәйкесінше экс-министр Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа қатысатын алқабилерді іріктеу тәртібі басқалардан ерекшеленбеді. Жергілікті әкімдіктер жыл сайын алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімдерін жасайды. Құжатта тек азаматтардың аты-жөні, туған жылы және тұрғылықты жері бойынша тіркелген мекенжайы көрсетіледі. Сот Smart data ukimet арқылы 300 кандидатты ұсыну туралы өтініш жібереді. Бірыңғай тізімнен 300 кандидат кездейсоқ әдіспен таңдалады. Содан кейін сотта 17 кандидат жабық режимде таңдалады. Бишімбаев пен екінші сотталушы Байжановтың тарабы алқабиге кандидат үш адамға, ал прокурорлар тағы екеуіне қарсылық білдіре алады. Қалған екі алқаби сот процесі кезінде 10 алқабидің біреуін ауыстыруға тура келгенде қажет болады.

«Алқабилер туралы» заңға сәйкес 25 жастан асқан кез келген Қазақстан азаматы алқаби бола алады. Кандидаттардың тiзiмдерiне келесі адамдар енгізілмейді:

-өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;

-сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;

-судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;

-психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар.

Алқабиге кандидаттарға шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты шек қойылмайды.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен келесі адамдар өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады:

-қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;

-өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;

-65 жастан асқан адамдар;

-дiни қызметшiлер.

Қазқстанда алқабилер соты 2007 жылдан бері қолданылады. 2007–2009 жылдар аралығында алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру бойынша істерді қараса, 2010–2012 жылдары қылмыс саны кеңейтіліп, аса ауыр қылмысқа жататын барлық іс қаралды. 2013 жылы алқабилер қарастыратын істер саны қайта қысқартылып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер соты үкім шығара алатын қылмыстардың саны 44-ке дейін артты.

Осы жылдың наурыз айында Парламент Мәжілісі алқабилердің жұмыс істеу тәртібін реттейтін заң жобасы қаралды. Егер бұл заң жобасы қабылданса, алқабилер қарайтын істер бойынша шешімді судьяның араласуынсыз 11 адам шешеді. Судья алқабилер кеңесіне басшылық етеді, шешілуге жататын сұрақтарды рет-ретімен талқылауға қойып, жауаптар бойынша дауыс беруді және дауыстардың есебін жүргізеді. Егер алқабилерге қойылатын үш сұрақтың әрқайсысына мақұлданған жауаптарға дауыс берушілердің көпшілігі дауыс берсе, айыптау кесімі қабылданған болып есептеледі. 

Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы үшін дауыс берушілердің сегізі және одан да көбі дауыс берсе тағайындалуы мүмкін.

Өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін судья мен алқабилердің бірауызды шешімі болған кезде тағайындалуы мүмкін. 

Қазақстандағы алқабилер сотының ақтау көрсеткіші 10 пайыз. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз. Әрине, бұл сандарды сөзбе-сөз салыстыруға болмайды. Өйткені, жалпы соттарда айтарлықтай бөлігі тараптардың татуласуымен аяқталатын немесе сотталушы прокурормен «кінәні мойындау туралы мәміле» жасаған істерден, яғни кінәні мойындайтын істерден тұрады. 

Атам қазақ «Тура биде туған жоқ» деген. Қазаққа алқабилер соты жат емес. Өткенге көз жүгіртсек, сонау IV ғасырда «Билер соты» дамыған. Ұсақ-түйек даулады ауыл ақсақалдары шешсе, үлкен даулы мәселені билер шешкен. Ол кезде халықтың билерге деген сенімі жоғары болды. 

Билер соты халыққа жақын және халық сенімінен шығып отырған. Сондықтан олар шығарған шешім талас тудырмаған. Сондықтан алқабилер соты – нағыз демократиялық, нағыз халықтық сот. Өйткені, сот төрелігіне халық өкілдері араласады. Олар адамгершілік, ар-ождан, өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, қоғам мен қарапайым халыктың мүддесін қорғайды. 

Бишімбаев алқабилердің сотын таңдай отырып, өз мүддесін қорғауды ойлады. Жоғарыда айтып өткендей, қорғаушылары кез-келген фактіге күмәндарын білдіру арқылы, сұрақтар қою арқылы, марқұмды барынша «теріс» жағынан көрсету арқылы, сотталушыны құрбан ретінде көрсету арқылы болып жатыр. Ал сотты бақылап отырған қазақстандықтар алқабилер әділ үкім шығарады деп сенеді. Алқабилерден басқа, бұл іске миллиондаған адам куәгер. Сол себепті Қазақстан мен басқа көршілес елдер қазіргі шулы процестің қорытындысын асыға күтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар