Жарияланды: 890

Биыл Қазақстанда мектеп бітіру және оқуға түсу емтихандары біруақытта жүргізіледі - ҚР білім және ғылым министрі

Биыл Қазақстанда мектеп бітіру және оқуға түсу емтихандары біруақытта жүргізіледі. Бұл туралы бүгін, 4-ақпанда мәжілісте сөз сөйлеген ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеев хабарлады.

"Биылғы жылдың бір ерекшелігі, біз мектеп бітіру және оқуға түсу емтихандарын біруақытта жүргізуді жоспарлап отырмыз",- деді ол. Министрдің айтуынша, "егер бұған дейін қабылдау емтихандары тек облыс орталықтарында ғана ұйымдастырылып келсе, ендігі жерде қосымша 55 тестілеу орталығын құру арқылы олар халыққа жақындай түседі". "Біздің есептеуімізше, соның нәтижесінде еліміз тұрғындары 4-5 млрд. теңге үнемдеп қалады",- деді Ж.Күлекеев. "Бұған дейін балаларын емтиханға түсіру үшін ата-аналар да облыс орталықтарына келіп, олармен бірге 15-20 күн орталықта сабылса, бұдан былай мұндай шығынның қажеті жоқ. Біз балаларды 200 шақырымға жетпейтіндей қашықтыққа тасымалдайтындай жағдайда орталықтар құрып жатырмыз",- деді білім және ғылым министрі. Оның айтуынша, биыл 233 мың бала мектеп бітіреді, "олардың 126 мыңын тестілеу орталықтарына жеткізуге тура келмек. Бұл барлық балалардың 54 процентіне тең". "Қазір ұйымдастыру мақсатындағы барлық мәселелер мен шаралар дәйектелуде. Сол себепті тестілеуге қатысты қиындықтар тындамайды деп сенемін",- деді министр. Сондай-ақ, министрдің хабарлауынша, "тестілеу шарасын өткізу технологиясында биыл өзгерістер жоқ. Балалар 4 пән бойынша емтихан тапсырып, 120 сұраққа жауап береді. Емтихан қорытындысы сол күні шығады". "Қазір сарапшылар тест сұрақтарының сапасын арттыру жұмыстарымен айналысуда. Нәтижесінде олардың сапасы мейлінше артады деп ойлаймын",- деді министр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін