Бүгін - Ұлттық аза тұту күні
|
Шымкенттегі әскери ұшақ апатынан 27 адамның опат болуына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен 27 желтоқсан қаралы күн ретінде жарияланған болатын. Соған сай бүгін Астанадан бастап еліміздегі барлық әкімшілік ғимараттарда мемлекеттік байрақ төмен түсірілді. Аза тұту күні ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Қыршын кеткен шекара сақшыларының қазасы күллі жұрттың қабырғасын қайыстырып отыр.
Бұл жер-жердегі шекара қызметін басқарып отырған Астанадағы бас штаб. Ту төмен түсіріліп ғимарат күңіреніп тұр. Әдетте бөгде кісілерге кіруге тыйым салынатын жабық нысанның есігі бүгін көңіл айтушыларға айқара ашық. Бейбіт күнде қызмет бабында жүріп шейіт болғандардың суреттеріне қарап, олардың өмірден өткеніне ешкімнің сенгісі жоқ. Олар біреудің арыстай ұлдары, аяулы жары, асқар таудай әкелері, арқа сүйер жолдасы мен бауырлары еді...
Ал жұбайымен бірге ажал құшқан Тұрғанбек Стамбековты келер жылдың 5-ші қаңтарында ресми түрде шекара қызметінің директорлығына тағайындау жоспарланған екен. Одан қалды генерал шені де берілмек болған. Бірақ ауыр қаза бәрін өзгертті. Енді депутаттар марқұмдарды жоғары марапаттарға ұсынбақ.
Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:
- Стамбеков Тұрғанбекті «Халық қаһармандығына» ал қалған бауырларымызды мемлекетіміздің айбынды рух беретін марапаттарына ұсынуға тиістіміз. Аңырап қалған ата-аналар мен жетім жесірлерінің әлеуметтік мәселелерін көтерін болсақ қаланың мықты жерінен пәтерлер беруге тиістіміз.
Бүгін тұтас Қазақстан күңіренді. Ұлт болып аза тұтты. Астанадағы биіктігі 111 метрлік аспанмен тілдескен алып байрақ та қайғыға ортақ. Есілдің сол жағалауындағы Ақордадан бастап барлық әкімшілік ғимараттардың да туы төмен түсті. Елордада мектеп пен балабақшада жоспарлаған барлық мерекелік шаралар кейінге шегерілді. Телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалары, сондай-ақ жарнама беру де бір күнге тоқтатылды. Жыл соңындағы Сенаттың соңғы отырысы да бір минут үнсіздікпен басталды.
Оралбай Әбдікәрімов, Сенат депутаты:
- Басшыларын танушы едік. Осы Сенатта шекара туралы заң қабылдағанда осында келіп күні-түні депутаттармен қызмет жасаған азамат еді. Өмір болғасын ондай жағдайлар болып тұрады. Барлық туған- туыстарына отырып болашақта келесі жылдары мұндай оқиғалар болмасын деп айтқым келеді.
Икрам Адырбеков, Сенат депутаты:
- Меніңше тиісті шешімдер қабылданатын шығар. Өйткені басқа елдерде біздің мемлекетте де, мысалға лауазымды адамдар бірге бір ұшақта отыруға болмайды. Ол мемлекетіміздің аса жоғары лауазымды кісілеріне байланысты. Мүмкін осы әскерге де байланысты мысалға алайық бір саланың барлық басшылары бір ұшаққа мінбеу жөнінде сондай шара немесе тиісті протоколдық ереже қабылдау керек шығар.
Орны толмас қасіретке душар болған марқұмдардың отбасыларына Мәжіліс депутатары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жеке құрамы бүгін бір күндік жалақыларын аударды. Қаза қабырғасын қайыстырған қарапайым тұрғындар да бұл игілікті істен қалыс қалмай, қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.
Ал Шымкенттегі апатқа байланысты көрші мемлекеттің басшыларынан жедел хаттар Ақордаға әлі келіп жатыр. Осыған дейін қазақ халқының қайғысына ортақтасып Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан президенттері жеделхат жолдаған еді. Осылайша оғаландарыран айрылған қалың ел әлі аза тұтып қара жамылып отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін