Жарияланды: 120

"Бұл аз саған": Ақтөбеде буындырып өлтірілген қыздың анасы сотта еңкілдеп жылады

"Бұл аз саған": Ақтөбеде буындырып өлтірілген қыздың анасы сотта еңкілдеп жылады

«Ана дүниеде қызымның жаны жай таппай жатыр!» 

Жан дегенде жалғыз қызы болашақ күйеу баласының қолынан қаза тапқан ақтөбелік ана сот алдында осылай деп жанайқайын жеткізді. Ал соттың үкімін естігенде, тіпті есеңгіреп қалды. Марқұмның туыстары неге сот үкіміне наразы? Күйеу жігітке қандай жаза тағайындалды?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Сотталушы Бақыт Орынбасаров процесс бойы бетін қағазбен көлегейлеумен болды. 23 жастағы жігіт соңғы сөзінде бір отбасын үміт артып отырған жалғыз қыздарынан айырғанынына өкінетінін айтты. Кінәсін мойындағанымен, Әсемді өлтірем деген ойым болмады деп ақталды.

БАҚЫТ ОРЫНБАСАРОВ, СОТТАЛУШЫ: "Айтқым келгені, мен оны өлтірем деген ой ешқандай болмаған. Өзімнің ата-анамнан, тума-туыстарымнан, достарымнан кешірім сұраймын. Судья, сізден заңды жне әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын».

Мемлекеттік айыптаушы қалыңдығын буындырып өлтірген жігітті 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Судья 10 жыл жаза кесті. Одан бөлек, Бақыт Орынбасаров марқұмның туыстарына 5 млн теңге моральдік-материалдық шығын төлеуі тиіс. Судья сотталушыға неге мұндай жаза тағайындалғанын түсіндірді.

 АЛТЫНБЕК САБЫРОВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ «ҚР Қылмыстық кодексінің 53-бабына сәйкес, сотталушы Орынбасаровтың бұрын сотталмағанын, жастығын, жасаған қылмысына өкінетіндігін, кінәсін ішінара мойындайтынын, жәбірленушіден кешірім сұрайтынын және жақсы мінездемесін қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Сотталушы Орынбасаровтың жазасын ауырлататын мән-жай анықталған жоқ».

Үкімді естіген марқұмның  туыстары есеңгіреп қалды. Ал анасы болмай қалған күйеу баласына бар наласын төкті

"Я не останавлюсь! Это мало тебе, мою дочь не вернуть. Но, это мало тебе!".

Еңкілдеп жылаған Айгүл Бірімжанова көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Осы уақытқа дейін сотталушыға ауыр жаза тағайындалсын деген талабының орындалмағанына күйінетінін айтты.

 АЙГҮЛ БІРІМЖАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ: «Егер бізді қорайтын сот осындай шешім шығарса, біз қайда барамыз? Біз кімнен сұраймыз? Жалғыз қызымызды өлтіріп, 10 жыл ғана алып отыр! Это разве справедливо?  Это несправедливо!».

Марқұм Әсем Эльбрусова сотталушымен бір жарым жыл бойы кездескен екен. 22 жастағы бойжеткеннің жігітке тұрмысқа шықпақ ниеті бар екенінен ата-анасы да хабардар болған. Үйіне әкеліп, туыстарымен де таныстырыпты. Кейін 23 жастағы Бақыт Орынбасаров қалыңдығымен жалдамалы пәтерде кездесіп, екеуі сөзге келіп қалады. Тергеу мәліметінше, ашуға булыққан жігіт бойжеткенді қылғындырып өлтірген.

Сотталушы жазасын қауіптілігі барынша жоғары мекемеде өтейтін болды. Ал марқұмның туыстары сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтты. Олар аппеляциялық шағым түсірмекші".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін