Қандықол қарақшылардың қысастығынан қара шаңырағы қара жамылған Ержан Сатыбалды бүгінгі сот процесіне таң алакеуімде келді.
Маусымның басында пәтер жөндейміз деп келген ескі таныстары апталдай азаматтың 2 ұлын, бауырын және жұбайын азаптап өлтірген. Қайғыдан қан жұтқан әке ақшаға құныққан азғындарға қарсы жарыссөзде тағы да ашып ашына сөйледі.
Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:
— Қаншама елді қайғыдан қан жұтқызып отырсыңдар жауыздар. Ол да сен секілді адам, ол да сендер секілді бала, ол да бәріміз сияқты ана. Мұндай қайғы-қасіретті дұшпанның да басына бермесін, түнде түсіңнен күндіз есіңнен кетпейді.
Ондаған томға жүк болған қылмыстық істе өзбек пен қос қазақ Ата Заңның ең ауыр баптарымен айыпталды. Қарақшылық, аяусыз адам өлтіру дегені бар. Артынша сөз мемлекеттік айыптаушыға берілді. Ол да тосылып қалмады, барлығын басынан аяғына дейін сүт пісірім уақытты түгендеп шығып, судьядан әділ жазаның ең қаталын сұрады.
Камия Әбілқасымова, мемлекеттік айыптаушы:
— Тұрдиев Икболжан Құрбаналиевичті ҚК 58 бабына сәйкес қылмыстың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде жеңілдік жазаны неғұрлым қатаң жазаға толық қосу арқылы түпкілікті Мәмреев пен Мұқажановторға өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мүлкін тәркілеп, жазаны түзеу колониясының қатаң түріне белгілеуді сұраймын.
Прокурор жазаны тәптіштеп оқып жатқанда айыпталушылардың туыстарының етегі жасқа толды. Бірақ бірі де бауыр еті балаларын ақтау үшін үн қосуға дәрменсіз. Адвокаттар да пұшаймен хәлде. Жазаны жұмсартуды сұрағаны болмаса, тағылған айыпқа қарсылық қылмады. Ал қылмыс жасаған үшеу соңғы сөздерін қысқа жеткізіп, кешірім сұрады.
Икболжан Тұрдиев, айыпталушы:
— Туған-туыстарынан кешірім сұраймын, Ержан кешір. Қазақстан халқынан, қазақ елінен өз басымнан кешірім сұраймын. Ауыр күнә жасадым, маған кешірім жоқ. Сот мырза қылмысыма сай жазамды беріңіз.
Ондай болады деп мен де ойлаған жоқпын, ұрлыққа дегесін ұрлыққа бардым ал адам өліміне бармаған. Сол үшін сіздерден кешірім сұраймын шын ниетіммен кешіріңіздер. Қайғы сіздерге ауыр тиіп жатыр оны түсінемін.
Қара шаңырағына жөндеу жасату үшін жүзі таныс келімсекке сеніп қара жамылған отағасы бүгін де қатты қамығып шықты. Тек мемлекеттік айыптаушы сұраған жазаны судьяның құптайтынына сенім білдірді жәбірленушілер. Жалпы бұл сот процесі тыңнан түрен салған жоқ, құрықталғаннан-ақ қолымен қылғандарын мойындарына алған үшеуге сот шешімі келер аптада шықпақ.