Cоңғы жылдары елдегі жүздеген ауылдар бос қалып, тіпті мүлде жойылып кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 497.89
  • 520.89
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Cоңғы жылдары елдегі жүздеген ауылдар бос қалып, тіпті мүлде жойылып кеткен

Cоңғы жылдары елдегі жүздеген ауылдар бос қалып, тіпті мүлде жойылып кеткен

Депутат ауылдардың сақталуы – мемлекеттің болашағы екенін баса айтты.

  • 30 Қаңтар
  • 8
Фото: jimdofree.com

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке ауылдардың жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ол өз мәлімдемесінде тәуелсіздік жылдарында түрлі даму бағдарламалары қолға алынғанымен, ауылдардың жағдайы күрделі күйінде қалып отырғанын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елдегі жүздеген ауылдар бос қалып, тіпті мүлде жойылып кеткен.

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда Шығыс Қазақстан облысында – 350, Солтүстік Қазақстан облысында – 635, Павлодар облысында – 352 ауыл қаңырап қалған. Тек 2024 жылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысында 141 ауыл мәртебесінен айырылған.

«Алдағы уақытта Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан аса ауыл жабылғалы тұр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Әлде осының артында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқа саясат бар ма? Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекет болмайды», — деді Ринат Заитов.

Ринат Заитов ауыл халқының қалаға жаппай көшуіне негізгі себеп ретінде сапалы инфрақұрылымның, медициналық қызметтің, сапалы білімнің, тұрақты жұмыстың және интернеттің жоқтығын атап өтті. Соның салдарынан 34 жыл ішінде қаншама ауыл мүжілген сүйектің күйін кешіп қалды. Оның пікірінше, бұл мәселені шешу үшін қазіргі «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалар жеткіліксіз, мемлекеттік қолдау аясын кеңейту қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылдарды дамыту бағдарламаларын бір жүйеге біріктіру туралы ұсынысына тоқталған депутат, бұл мәселеге жүйелі түрде қарау қажеттігін жеткізді.

«Бүгінде ауыл тұрғындары қандай да бір іс бастайын десе кедергілер көп. Мал бағып, егін егейін десе жері жоқ, кәсіп бастайын десе қаржысы жоқ. Қажетті инфрақұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауыл әкімдерінің өзінде қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджет те, техника да жоқ. ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл тұрғындарынан неге көштің деп қалай сұраймыз?», — деп ашынды депутат.

Осыған байланысты Ринат Заитов Үкімет басшысына төмендегідей ұсыныстарын жолдады:
-ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту;
-әр ауылды қажетті техникамен қамтамасыз ету;
-ауылдарды сақтау мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет пен облыс әкімдері деңгейінде арнайы мемлекеттік комиссия құру;
-жастарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру мен қоныстандыруға бағытталған нақты жоспар әзірлеп, оны халыққа түсіндіру.

Депутат ауылдардың сақталуы – мемлекеттің болашағы екенін баса айтты. Ол Үкіметті бұл мәселеге ерекше назар аударуға шақырып, тиісті шараларды жедел қабылдауды ұсынды.