Депутаттар мектепте Қазақстан географиясы пәнінің жоқтығына наразылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутаттар мектепте Қазақстан географиясы пәнінің жоқтығына наразылық білдірді

Депутаттар мектепте Қазақстан географиясы пәнінің жоқтығына наразылық білдірді

Депутат Білім және ғылым министрлігінің шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін атап өтті.

  • 17 Қаңтар 2018
  • 171
Фото - Caravan.kz

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Нұр Отан» фракциясының депутаттары Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевқа жолдаған депутаттық сауалында елімізде не себепті Қазақстан географиясы жеке пән ретінде оқытылмайтынын сұрады, деп хабарлайдыBaq.kz.

Алдымен, депутат Бақытгүл Хаменова жаңа оқу бағдарламасын әзірлеген мамандар басты мәселені ескермегенін мәлім етті. Оған депутаттардың өңірлерге сапары барысында көзі жеткен.

«Елбасы биылғы халыққа жолдауының адами капиталды дамытудың негізгі бағыты бойынша білім берудің жаңа сапасы, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс деп нақты айтты. Сол бағытта Қазақстан үкіметі оқу стандарттарындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен әр пәнге енгізу жөнінде №1080 қаулысын да шығарды. Десек те, білім саласына жауапты министрлік тарапынан берілген тапсырма мен айқын бағытты бұрмаушылықтардың кейде көрініс табатыны жасырын емес. Биылғы жылдың басында мәжіліс депутаттары өңірлерге сапар барысында ел тарихында ізі қалған ғалымдар мен белгілі ұстаздардың, ұлт жанашырларының үні мен назын естіп қайттық», — деді ол.

Осы орайда Хаменова еліміздегі білім беру жүйесіндегі өзгерістерден кейін Қазақстан географиясының жеке пән ретінде оқыту қарастырылмағанын жеткізді. Оның айтуынша, әлемдегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытады.

«Жер бедері бойынша ең кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында тұр. Ал Қазақстан Республикасы жер аумағы бойынша 193 мемлекеттің ішінде тоғызыншы орынды иеленген. Мысалы, Израиль мемлекеті төл географиясын екі жыл оқытса, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері аталған пәнге үш жылға жуық уақытты жоспарлайды екен», — деді депутат.

Сонымен қатар, ол Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлері географиясының жобасын» жасау қажеттілігі айтылғанын еске салды.

«Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары немесе Қазақстаның киелі жерлері географиясының жобасы керек» деді. Еліміз бен жеріміздің тарихы мен географиясын терең таныту Елбасының алдымызға қойып отырған нақты бағыты», — деді Бақытгүл Хаменова.


Алайда депутат биылғы оқу жылынан бастап «География» деген атаумен жаңа оқулық дайындалғанын айта келе мектептерде «Қазақстан географиясы» жеке пән ретінде оқылмайтынына алаңдаушылық білдірді. Тіпті, аталған мәселенің анық-қанығына жету үшін «Нұр Отан» фракциясының депутаттары Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке хат та жазыпты. Алайда олар министрдің жауабын түсінбеген.

«БАҚ беттерінде берген мәлімдемесінде министр Ерлан Сағадиев мырза аталған мәселеден бейхабарлығын танытса, министрліктен алынған ресми жауапта бүгінгі күнге дейін «Қазақстан географиясы» пән ретінде емес, оқу бағдарламасы есебінде ғана қаралған деген жауап алдық. Жауапты басшылықтың жауабы осындай түсініксіз болса, жаңа оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтың шикілігі де айқын ба дерсің. Қалай десек те, басты мақсатымыз – болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан кең-байтақ атыраптың қасиетін ұлттық мақсатта түсіндіру. Өзгелермен астасқан қазақ елінің аумағы мен шекарасын Қазақстан географиясында оқыту маңызды. Бұл болашақ алдындағы борышымыз», — деді ол.

Осы орайда, депутат Білім және ғылым министрлігінің шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін атап өтті.

«Сағаты болғанымен, ешқандай бұйрықсыз ауыстыра салынған «Қазақстан географиясы» пәнінің атауы оқу бағдарламасында сақталуы шарт», — деп түйіндеді сөзін Бақытгүл Хаменова.

Депутаттар «Қазақстан географиясы» не себепті жеке пән ретінде оқытылмайтынына таңғалды.

Соңғы жаңалықтар