Жарияланды: 700

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ 2004-жылдың ақпан айында кейбір бағыттарға ұшақ шығаруды доғаратыны туралы ҚР көлік және коммуникация министрлігіне ресми құлақтандыру жолдады

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ 2004-жылдың ақпан айында кейбір бағыттарға ұшақ шығаруды доғаратыны туралы ҚР көлік және коммуникация министрлігіне ресми құлақтандыру жолдады. Әуе компаниясында қалыптасқан күрделі қаржылық ахуал осындай қадамға итермелеп отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарламасында атап көрсеткеніндей, бұған дейін сатылған билеттер бойынша жолаушы тасымалын қамтамасыз ету үшін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ кейбір әуе бағыттарында қызмет көрсету құқығын басқа мүмкіндігі бар әуе компанияларына беру жөніндегі келісімге қол қойды. Атап айтсақ, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ Алматы-Дели-Алматы, Атырау-Стамбул-Атырау және Ақтау- Домодедово-Ақтау бағыттары бойынша тұрақты рейске шығу мүмкіндігін "Атырау әуе жолы" ААҚ-на тапсырды. Аталмыш бағыттарға ұшақ шығаруды "Эйр Қазақстан" ЖАҚ 2004-жылдың 7-ақпанынан бастап доғарды. Сондай-ақ, Алматы-Қарағанды-Алматы, Алматы-Қарағанды-Қостанай және кері бағытта, сондай-ақ, Алматы-Өскемен-Алматы, Өскемен-Баян-Өлгий-Өскемен бағыттарындағы тұрақты рейстерді жүзеге асыру құқығы мен міндеті "Тұлпар Авиа Сервис" әуе компанисына жүктелді. "Эйр Қазақстан" ЖАҚ аталмыш бағыттарға ұшақ шығаруды 2004-жылдың 4-ақпанынан бастап доғарды. Сондай-ақ, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ Алматы-Қарағанды-Қостанай-Қарағанды-Алматы, Алматы-Павлодар-Алматы, Алматы-Өскемен-Алматы бағыттарындағы өз міндетін "SCAT" ЖАҚ-ына тапсырды. Баспасөз қызметінің хабарламасында атап көрсетілгеніндей, аталмыш әуе компанияларының қайсыбірінің жұмысы доғарылған жағдайда да елімізде тұрақты әуе тасымалын жүзеге асыруға қабілетті әуе компаниялары көп. Алдағы уақытта "Эйр Астана" ЖАҚ турбовинтті ұшақтар сатып алуды жоспарлап отырғандықтан, әуе компаниясында жаңа жұмыс орындары құрылады, оған бірінші кезекте "Эйр Қазақстан" ЖАҚ -ында жұмыс істейтін ұшқыштар мен инженерлік-техникалық мамандар қабылданады,- делінген баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ, ҚР көлік және коммуникация министрлігі "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның жұмыстан босап қалған жоғары кәсіби мамандарын еліміздің басқа да әуе кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруда. 2003-2004-жылғы күз-қыс маусымдарындағы навигациялық кезеңде "Эйр Қазақстан" ЖАҚ 41 авиациялық бағыт бойынша (олардың 20-сы халықаралық бағытта) тұрақты ұшырылымдармен бірге жүк және жолаушы тасымалдайтын чартерлік бағдарламаларды жүзеге асырды. Азаматтық авиация комитеті "Эйр Қазақстан" ЖАҚ -ына Алматы-Киев-Прага, Алматы-Куала-Лумпур, Алматы-Қызылорда-Атырау, Өскемен-Ақтөбе-Москва тәрізді жаңа бағыттарда тұрақты рейстер ашуға құқық беріп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін