Жарияланды: 660

Елбасы Маңғыстау облысының басшылығына бірқатар тапсырмалар берді

Астана. 25 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Елбасы Маңғыстау облысының басшылығына бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды агенттік тілшісі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

Облыстың 35 жылдық мерейтойына орай өткен салтанатты жиында сөз сөйлеген елбасы 62 әулиенің мекені болған қасиетті Маңғыстау өңірі еліміздің негізгі экономикалық тіректерінің бірі екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев облыстың бірқатар әлеуметтік нысандары мен мұнай компанияларының жаңа базалары жұмысымен танысты. Маңғыстаудың 35 жылдық мерейтойы аясында өткен салтанатты жиында елбасы қазір облыстың қайта өрлеу үстінде екенін атап өтті. "Өңірдегі кеніштер Қазақстанның энергетикалық қуат көзі болып саналады. Түбектегі ірі инвестициялық жобалар қазірдің өзінде еліміздің экономикасында жұмыс істеп жатыр. Биылдың өзінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда капиталға салынған инвестицияның көлемі 27,4 пайызға, жыл басынан бері облыстағы 12 млн. тонна мұнай, 2,7 млрд газ өндірілді. Қазіргі кезде, Маңғыстау тек ұлттық экономикаға арқа сүйейтін өндіріс орталық емес, бүкіл Каспий аймағын алған өркендеу үлгісіне айналуы қажет",- деді ол. Маңғыстау облысында еліміздің бәсекелік қабілетін арттырып қана қоймай келер ұрпақтың игілігі болар көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Каспий энергетикалық хабы, Ақтау сити қаласы немесе Кендірлі демалыс аймағының қай қайсысы да осы үдеден шығатын бастамалар. Облыс орталығы Ақтау қаласында еліміздегі бірден бір АЭС орын тепкен. Экономикалық тиімділігі мен табиғатқа зиянсыздығы жөнінен теңдессіз атом энергетикасы бүгінгі таңда ең сұранысқа ие салалардың бірі. Бұл ретте Елбасы аймақта жаңа АЭС салынатынын мәлім етті. "Экономиканың қарқынды дамуы, энергетика қуат көздерінің кеңейтілуін талап етеді. Менің тапсырмаммен үкімет пен "Қазатомөнеркәсібі" компаниясы бірлесе отырып, облыс аумағында атом электр стансасын салуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстың белгіленген уақытта аяқталуы өте маңызды. Әрине біз дүние жүзіндегі ең қауіпсіз қондырғыларды іздеп жатырмыз. Бұл жақта мұнайда бар, газ да бар сол арқылы электр жүйесін алуға болмай ма деген мәселе бар. Бірақ, қазіргі нарық экономикасында бәрін есептеуіміз керек. Газды шетке шығарып сатып, көп ақша тапқанымыз жөн. Түбінде, болашақты ойлайтын болсақ, жердің астындағы қойнау байлығы бір заманда таусылады. Кейбір мемлекеттерде ондай болып жатыр. Оны көріп отырмыз",- деді. Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы жаңадан құрылған Маңғыстау ауданының орталығында да болды. Ашылғаннан бергі бір жылдың ішінде халқының саны екі есеге артқан Мұнайлы ауданында негізінен шеттен көшіп келген қандастарымыз қоныстанған. Елбасы мұндағы жаңа мектепті аралап көрді. "100 мектеп 100 аурухана" бағдарламасы аясында салынған 1200 орындық жаңа мектеп Маңғыстау өңіріндегі халық игілігіне берілген әлеуметтік нысандардың бірі ғана. Мұнда бірнеше жаңа мектеп пен балабақша, емханалар мен ауруханалар салынып жатыр. Мемлекет басшысы жаңа мектепке кітапхана сыйлады. Жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Түпқараған ауданының Баутино елдімекенінде де болып, ондағы "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына қарасты "Теңіз сервиз" кәсіпорынының, "Аджип ККО" және "Каспиан Джи сервиз" компанияларының теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базаларының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы елімізде жұмыс істеп жатқан осындай компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігіне айрықша мән беретіні белгілі. Бұл ретте "Аджип ККО" компаниясының демеушілігімен бой көтеріп, ең заманауи құрал жабдықтармен жарақталған емхана осындай талаптың нәтижесінде елдің игілігіне айналып отыр. Кезінде жер аударылып, Маңғыстау түбегін біраз уақыт мекен қылған украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың мемориалдық мұражайы да өзіндік тарихи құндылыққа ие. Мұражайдың қасында Елбасымен дидарласқан ұлы ақынның қандастары елдегі ұлтаралық татулық пен теңдікті әйгілеп, Нұрсұлтан Назарбаевты риза көңілмен шығарып салды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть