Жарияланды: 430

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы бірқатар кездесулер өткізді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 11-інде парламент мәжілісінің депутаттарымен жұмыс бабындағы кездесулер өткізді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов Елбасына жақында алғашқы құрылтайын өткізген Еңбек конфедерациясының жұмыс жоспары туралы әңгімелеп берді. Кездесу барысында сондай-ақ, ауыл мәселелері, атап айтқанда, фермерлік шаруашылықтарды жанар-жағар маймен қамтамасыз ету жағдайы талқыланды. Мәжілістің Экология және табиғат байлықтарын пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Тито Сыздықов Қоршаған орта банкін құру туралы ұсыныс айтты. Аталмыш Банк қалдықтарды көму, қалалық жерлердегі су құбыры желілері мен елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта құру мәселелерін шешуде қайтарымды негізде көмектесетін болады. Депутаттың айтуынша, экологиялық банк мұнымен қоса, қоршаған ортаны қорғауға байланысы бар шағын бизнесті несиелендіру жүйесін құрумен айналыса алар еді. Елбасы сондай-ақ, "Отан" партиясы төрағасының міндетін атқарушы Амангелді Ермегияевпен кездесті. Oтандықтар Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партияның 6-съезін өткізуді жоспарлап отыр. Съезге 600-ден астам делегат, елдегі барлық саяси партиялардың жетекшілері, ресейлік "Біртұтас Ресей" партиясы мен Қытай Коммунистік партиясының ресми өкілдері келеді. Н.Назарбаев пен А.Ермегияевтың кездесуі барысында Қазақстанда партия құру мәселелерімен қатар, қоғамды саяси және демократиялық дамыту жолдары да кеңінен талқыланды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін