Жарияланды: 420

Елбасы Қарашығанақ кенішіндегі жаңа өндірістік нысандардан шығарылған алғашқы мұнайды экспортқа жөнелтуге ресми старт береді

Бүгін, 1-тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарашығанақ кенішіндегі жаңа өндірістік нысандардан шығарылған алғашқы мұнайды экспортқа жөнелтуге ресми старт береді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бұл шара Қарашығанақ өңдеу кешеніндегі "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг бв." (КПО) халықаралық консорциумы тарапынан салынған ең ірі жаңа нысандардың бірінде өтеді. Мерекелік шараға Қазақстан үкіметінің өкілдері мен Батыс Қазақстан облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, сондай-ақ, КПО құрылтайшысы болып табылатын "Би Джи Групп", Эни, ШевронТексако және Лукойл тәрізді 4 компанияның басшылары қатысады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қарашығанақта кенішті игеру бағдарламасының екінші сатысы жүзеге асырылды. Бұл сатыда бірнеше ірі өндірістік нысандар пайдалануға берілуі тиіс, атап айтсақ, газды кері бағытта пластқа айдау қондырғысы ГП-2, жылына 7 млн. тонна сұйық көмірсутегі шикізатын өңдей алатын КПК өңдеу кешені, КТК құбыр жүйесіне шығатын 635 шақырымдық Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау бағытындағы экспорттық мұнай құбырын пайдалануға беру шарасы жүзеге асады деген сөз. КПК кешені КТК құбыр жүйесіне жылына 7 млн. тонна сұйық көмірсутегі шикізатын жіберуге мүмкіндік жасайды. Жалпы алғанда, кеніштегі сұйық көмірсутегі шикізатын өндіру көлемі жылына 10 млн. тоннадан асады деп күтілуде. Ал 3 және 4-сатыда өндірілген газды сату тұрғысында келісімдерге қол қою көзделген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть