Жарияланды: 570

Елбасы құқық қорғау мекемелеріндегі ахуалды сауықтыру үшін пәрменді шаралар қолдануды талап етті

Бүгін, 9-қыркүйекте Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заңдылықты сақтау, қылмыс және жемқорлықпен күреске қатысты ахуалға арналған кеңес өткізді. Кеңесте мемлекет басшысы еліміздегі құқық қорғау мекемелеріндегі ахуалды сауықтыру үшін жыл соңына дейін нақты нәтиже беретін пәрменді шаралар қолдануды талап етті. Бұл туралы ҚР президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінен таратылған хабарламада айтылған.

Кеңесте Елбасы жұмыс тиімділігінің төмендігі, оперативтік қызмет барысындағы кемшіліктер, азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғауды тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмауы, және осы органдардың қызметкерлері тарапынан жасалған заң бұзушылық әрекеттер үшін құқық қорғау мекемелерінің жұмысына қатаң сын айтты. Әсіресе жазадан жалтаруға жол бермеу принципін орнықтыру, ұйымдасқан қылмыспен, соның ішінде экономикалық қылмыстармен күресті пәрмендендіру, есірткі саудасымен күресті күшейту, қылмыс-қайшылықтардың алдын алу және көші-қон саясаты саласында біртұтас позиция қалыптастыру, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне тексеріс жүргізу жұмыстарын ретке келтіру қажеттігін Елбасы қадап айтты. Азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету және оларды қорғау - құқық қорғаушы және сот органдары жұмысының басты принциптері ретінде жарияланды. Кеңеске парламент палаталары мен парламент комитеттерінің төрағалары, үкімет мүшелері, ҚР президенті әкімшілігінің, ҚР үкімет басшысы кеңсесінің, республикалық және аумақтық құқық қорғау органдары мен сот мекемелерінің басшылары қатысты. Кеңесте ҚР бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың, ҚР ІІМ Қайырбек Сүлейменовтың, ҚР қаржы полициясы Агенттігінің төрағасы Болатбек Бұлғақбаевтың баяндамалары тыңдалды. Кеңес қорытындысы бойынша ҚР үкіметіне мемлекеттік мекемелермен және әкімшіліктермен тізе қоса отырып қылмыспен және жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, Елбасы бұған дейін қолданылған шараларға қарамастан, құқық қорғау мекемелері тарапынан азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғауда әлі де қанағаттанарлық қадамдар жасалмай отырғанын атап көрсетті. Президенттің пікірінше, көзге шұқып көрсетілген бұл кемшіліктер мекеме басшыларының жауапсыздығына, жұмыс ұйымдастырудағы әлсіздігіне, мамандар таңдау және оларды қызметке тағайындаудағы кемшіліктеріне тікелей байланысты болмақ. Н.Назарбаев құқық қорғау мекемелері мен сот органдарының жұмысын өзара үйлестіру мен ықпалдастықты күшейтудің маңызына баса назар аударды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть