Жарияланды: 550

Елбасы жүйелі зерттеулер орталығының қызметкерлерімен кездесіп, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы ой бөлісті

Бүгін, 25-қарашада мемлекет басшысы ҚР президенті әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығының қызметкерлерімен жүздесті. Нұрсұлтан Назарбаев жүйелі зерттеулер орталығының өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Ал орталық қызметкерлері өз кезегінде орталық іс-қызметі мен болашақ жоспарлары туралы әңгімеледі. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап айтсақ, Н.Назарбаев жүйелі зерттеулер орталығының қызметкерлеріне денсаулық сақтау, білім беру және жол инфрақұрылымының жағдайын жақсартуға, құқық қорғау және сот жүйелерін жаңалауға, сондай-ақ, орташа кірісті азамататрға арнап тұрғын үй құрылысын салу аясын кеңейтуге бағытталған бірқатар бағдарламалар жобасын жасау жөнінде тапсырма берді. ҚР президенті әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығының жетекшісі Азамат Әбдімомынов соңғы бір жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы және алдағы жылға арналған жұмыс жоспары туралы хабарлама жасады. Кездесу барысында елдің экономикалық өсуі, индустриялық және инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру, Ғылым академиясы жүйесінің жұмыс істеу жағдайы туралы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі, республика аймақтарының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және маман дайындау саясаты туралы да сөз болды. Жүйелі зерттеулер орталығы Елбасының бастамасымен 2002-жылдың наурыз айында құрылған. Орталықтың басты мақсаты - мемлекет саясатын ең шектеулі саяси және экономикалық шығынмен жүзеге асыруға бағытталған нұсқаулар мен теориялық жоспар-жобалар жасауға қабілетті жас басқарушыларды дайындау болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін