Жарияланды: 790

Елімізде іс-қызмет жүргізуге шектеу қойылған лаңкестік ұйымдардың тізімі жасалады - ҚР ҰҚК

ҚР ҰҚК еліміз аумағында іс-қызмет жүргізуге шектеу қойылған лаңкестік ұйымдардың қазақстандық тізімінің жобалық үлгісін республика парламентіне ұсынбақ ниетте. Бұл туралы бүгін, 10-қарашада Алматыда басталған "Қазіргі жағдайдағы лаңкестікпен күрестің өзекті проблемалары" атты халықаралық конференцияның ашылуына арналған қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Владимир Божко журналистерге хабарлады.

В.Божконың атап көрсетуінше, ел аумағында іс-қызметі шектелген лаңкестік ұйымдардың тізімін жариялау үрдісі АҚШ; Ұлыбритания және Ресейде қалыптасқан. "Дәл осындай әдістеме біздің елде де қолданылуы мүмкін",- деді ол. Сонымен бірге, лаңкестік ұйымдардың іс-қызметіне "қазіргіден де қатал заңдық негізде" тосқауыл қою мақсатымен еліміз заңдарына енгізілетін бірқатар өзгертулер парламентке ұсынылмақшы. Конференцияға ТМД антитеррорлық орталығының мамандары мен сарапшылары, сондай-ақ, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина арнайы қызметтерінің сарапшылары қатысуда. Еліміз тарапынан конференцияға ҰҚК өкілдерімен бірге Қауіпсіздік кеңесінің, Елбасын қорғау қызметінің, ҚР ҰҚК мен ІІМ-нің қарамағындағы жоғары білім ошақтарының өкілдері, лаңкестікпен күрес мәселесімен айналысушы саясаттанушы-ғалымдар қатысып отыр. Олар лаңкестіктің пайда болу және белең алу себептері мен факторлары, халықаралық лаңкестік және экстремистік ұйымдарға қатысы бар деп танылған тұлғаларды жедел іздестіру шараларын ұйымдастыру тәжірибесі мен теориясы, аталмыш тұлғалар жасаған қылмыстық істерді тексеру мәселелері туралы талқылайды. Сондай-ақ, стратегиялық және басқа да маңызды нысандардың, аса қатерлі кәсіпорындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық лаңкестіктің ТМД елдеріне еніп келуіне тосқауыл қоюға бағытталған әкімшілік және оперативтік сипаттағы шаралар жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзара тәжірибе алмасылмақшы. Конференцияда талқыланатын басты тақырыптардың арасында "Хизб-ут -Тахрир аль Ислами" партиясына, және оның Орталық Азия мен Ресейде жұмыс істеу ахуалына, және аталмыш экстремистік сипаттағы партияның іс-қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған біртұтас әдістемелер жобасын жасауға бағытталған мәселе де бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін