Жарияланды: 480

Елімізде "Көктем-2004" атты республикалық оқу-жаттығулар басталды

Бүгін, 2-наурызда "Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар, басқарушы органдар, апаттан құтқару қызметтері мен тұрғындардың елді мекендер мен аумақтар су астында қалған немесе осындай қауіп төнген жағдайдағы іс-әрекеттері" деген тақырыпта "Көктем-2004" атты командалық-штабтық оқу-жаттығулар басталды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Оқу-жаттығулар төтенше жағдайлардың алдын

алу және оның зардабын жою жөніндегі мемлекеттік жүйе шараларының аясында өткізіледі. Оқу-жаттығуларды өткізудегі мақсат - облыстық, қалалық және аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар, басқарушы органдар, апаттан құтқару қызметтері мен тұрғындардың елді мекендерге су астында қалу қаупі төнген жағдайдағы іс-әрекеттерге дайындығын тексеру болмақ. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі шұғыл кезекшілікті ұйымдастыру жайын тексеру, болжау және диспетчерлік қызметтердің жұмысы мен жедел жоспарлау және басқару жүйесін тексеру, зілзала болған жағдайдағы жергілікті атқарушы және орталық органдардың өзара ықпалдастық деңгейіне баға беру, тіршілік қамтамасыздығы нысандарының беріктігін арттырып, потенциалдық қауіпті нысандардың жұмыс қауіпсіздігін күшейту, хабарландыру және байланыс жүйесінің дайындық деңгейін тексеру мақсаты да көзделіп отыр. Оқу-жаттығуларды Ақтаудағы басқару бөлімшесінен ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігі төрағасының орынбасары Валерий Петров басқарады. Жаттығуларға барлық деңгейдегі әкімшілік басқару органдары, төтенше жағдайлар жөніндегі басқармалар, ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің күштері, ҚР қорғаныс министрлігі мен ҚР ІІМ-нің бөлімшелері, көлік және коммуникация, денсаулық сақтау министрліктерінің бөлімшелері, гидрометеорологиялық орталықтар, потенциалдық қауіпті шаруашылық нысандары мен тіршілік қамтамасыздығы нысандарының бөлімшелері жұмылдырылады. Көктемгі су тасқыны кезінде еліміздің барлық облыстарында дерлік сел жүреді. Ондай оқиғаларға көбінесе күн райының шұғыл жылынуы, жаңбырдың мол жаууы, суға толы қоймалардан көп мөлшерде су жіберу, қорғаныс тоғандарын су шайып кету тәрізді себептер әсер етуде. Айрықша қауіпті құбылыстар Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында, сондай-ақ, Алматы облысының аумағындағы Іле және Жоңғар Алатауы маңында байқалады. 2003-жылы республикамыздың таулы өзендерінде нөсерден кейінгі 19 су тасқыны тіркелсе, Іле Алатауында 14 мәрте сел жүрді. Көшкін түсу оқиғасы 8 мәрте, тау бөктерлерімен лайсаң ағу оқиғасы 3 мәрте тіркелді. ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің мәліметіне жүгінсек, 2003-жылы тұтастай алғанда республика аумағында гидрометеорологиялық қауіпті құбылыстардан 103 адам зардап шегіп, 984 адам басқа жаққа көшірілді. 20 гидротехникалық нысан бұзылып, 640 ғимарат су астында қалды. 35 шақырым жолды су шайып, 282 гектар ауылшаруашылығы дақылдары су астында қалды. Жаттығулар 4-наурызға дейін жалғасады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін