Елімізде көппәтерлі үйлерге жеткізілетін жылудың 30 пайызы тиімсіз пайдаланылады - Т. Рахымбеков - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде көппәтерлі үйлерге жеткізілетін жылудың 30 пайызы тиімсіз пайдаланылады - Т. Рахымбеков

Елімізде көппәтерлі үйлерге жеткізілетін жылудың 30 пайызы тиімсіз пайдаланылады - Т. Рахымбеков

Қазақстанда бүгінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асуда.

  • 13 Мамыр 2014
  • 609
Фото - Caravan.kz

Бюджеттен бөлінетін қаржының да көлемі арта түскен. Кеше ғана Алматыда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру аясында тұрғын үй шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру курстары басталды. Мұнда сонымен қатар, жылу және электр энергиясын үнемдеу жолдары да түсіндіріледі. Бірақ сұрақтар көп.

Бағдарлама бойынша жаңғырту жұмыстарына жыл сайын 26 млрд. тенге жұмсау көзделген. Тұрғын үйлерді басқарушы органдардың тұрғындардан жинайтын жыл сайынғы қаржысы 25 млрд. тенгеден аспайды. Ал сарапшылардың есептеуінше, тұрғын үйлерде тек жоспарлы түрде күрделі жөндеу жұмыстарын атқару үшін жыл сайын 200 млрд. астам тенге керек, ал ол үйлерге тиісті сервис атқару үшін сол тұрғындардан 100 млрд. тенге қаражат жинау қажет болады. Бұған тұрғындардың, мемлекеттің шамасы келе ме? Осы және өзге сұрақтар бойынша ҚазАқпарат тілшісі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековті әңгімеге тартқан еді.

— Төлеутай Сатайұлы! Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру курастарын өткізуді қашан қолға алдыңыздар?

— Биыл өңірлік даму министрлігі тендер өткізген болатын. Сонда Алматыдағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру үшін курстар өткізу жөніндегі бағдарламаны ұтып алдық. Бұл бюджеттік бағдарлама былтырғы жылдан бері Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында қолға алынған.

— Алматыдағы курстар қандай форматта жүреді?

— Мұнда курстар үш түрлі форматта қатар жүретін болады. Яғни, 3 күндік семинарлар 18 рет болады. Одан кейін 9 рет — 5 күндік семинарлар және 3 рет 10 күндік семинарлар өтеді. Ең соңынан аумақтық конференция өткіземіз. Онда осы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы өзекті мәселелер  талқыланып, олардың шешу жолдары ұсынылады.

— Төлеутай Сатайұлы! Тұрғын үй қорындағы ең басты мәселелерді атап өтсеңіз!

— Біріншіден, бұл қордың тозу жағдайы өте жоғары. Өйткені өздеріңіз білесіздер, 90-шы жылдардың ішінде объективтік және субъективтік жағдайларға байланысты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Бюджетте қаржы тапшы болды. Дегенмен, 2009 жылдан бері бюджеттің жағдайы жақсарды. Содан, Елбасының тапсырмасымен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 — 2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.

— Бұл бағдарламада басты назар аударатын қандай мәселе?

— Энергия тиімділігін жоғарылату. Өйткені отандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы елімізде өндірілетін жылу энергиясының 40 пайызын және электр қуатының 22 пайызын пайдаланады.

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін бұл көрсеткіш төмендеуі мүмкін бе?

— Әрине! Жылу мен электр қуатына кететін шығынды 50 пайызға дейін үнемдеуге болады. Ал жоғарыда аталған жылу энергиясының 40 пайызын 20 пайызға түсіруге болады деген сенімдемін. Тағы бір айта кететін жәйт, ол — басқару проблемасы. Бізде бұл салада басқару жүйесі заман талаптарына сай емес. Нарық жағдайына сәйкес механизмдер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына әлі тереңдетіп енгізілмеген. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Пәтер иелері кооперативтері мен коммуналдық кәсіпорындардың жұмыстарына, коммуналдық қызметтердің сапасына тұтынушылардың көңілдері тола бермейді Міне осы мәселелерді шешу қажет.    

— Төлеутай Сатайұлы! Қазақстанда тұрғын үй қорының жалпы қанша пайызы күрделі жөндеуді талап етеді?

— Енді, ол Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 — 2020 жылдарға арналған бағдарламасында да айқын көрсетілген. Қазақстан Республикасында 160 мыңнан астам көппәтерлі үйлер бар. Жалпы аумағы 180 млн. шаршы метрден асады. Міне соның 32 пайызы күрделі жөндеуді талап етеді! Ал бұл санға шаққанда 50 млн. шаршы метр. Яғни, орта есеппен 1 миллионға жуық пәтер орналасқан үйлер ғой. Міне солардың барлығына күрделі жөндеу жүргізу қажет.

— Ал коммуналдық жүйелердегі тозу жағдайы қандай деңгейде?

— Коммуналдық жүйелерге келетін болсақ, кейбір аумақтарда олардың тозуы 60 пайыздан 70 пайызға дейін жетеді. Демек, тұтынушыларға жеткізілетін электр қуаты, су, газ жылу жөл-жөнекей ысырап болып жатыр деген сөз. Бұл тұтынушыларға қатты әсер етеді. Мысалы, біз бір текше метр суды пайдаланатын болсақ, оның сыртында тағы бір текше метр су үшін де ақша төлейміз деген сөз. Мұның барлығы жүйелердің тозғандығынан болып отыр. Мысалы жұрт: «тариф, тариф көтерілді» — деп шырылдайды да жүреді. Бірақ біз банкке барып, кассаға ақша төлегенде тарифті төлемейміз ғой! Тарифты коммуналдық қызметтің көлеміне көбейткеннен шыққан соманы төлейміз. Мысалы мен сізге мынадай бір сұрақ қояйын. Сіз мысалы, дүкенге барып екі нанға ақша төлеп, тек соның біреуін ғана үйіңізге алып кете аласыз ба? — Жоқ, әрине. — Коммуналлдық қызмет те сондай! Мысалы мамандардың есебі бойынша, көппәтерлі үйлерге жеткізілетін жылудың 30 пайызы тиімсіз пайдаланылады екен! Ал біз оған ақша төлейміз ғой! Мен сізге тағы бір мысал келтірейін. Біз мысалы, үй қатты ысыған кезде терезені ашамыз. Солай ғой? Енді қараңыз, Терезеден жылу кетеді. Ал біз сол жылуға қыруар ақша төледік емес пе? Ал егер де сіз сол желдеткішті ашып қойып, сыртқа 1000 теңгелік банкнотты лақтырып жібере аласыз ба? Ал біз терезені ашу арқылы соны істеп отырмыз! Яғни, ақша лақтырғанмен бірдей болып отыр!

— Жаңа өзіңіз айтып өттіңіз, егер де жаңғырту жұмыстары жасалса, тұрғындардың төлейтін шығындарын 50 пайызға дейін азайтуға болады деп. Нақты қандай жолдармен азайтуға болады?

—  Бірінші кезекте, көппәтерлі үйлерді терможаңғырту элементтерін пайдаланып, күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет. Бұл салада халықаралық және отандық тәжірибелер жеткілікті. Мысалы Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Өскемен қалаларында қолданылып келеді. Мысалы, Астана қаласын алып қарайық. Мұнда 2012 жылы біз бір көппәтерлі тұрғын үйді алып, пилоттық жоба ретінде күрделі жөндеуден өткіздік. Сол үйдің тұрғындары бүгінде жылуға кететін шығынды 40 пайызға дейін үнемдеп отыр. Кейбір айларда бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін жетеді! Одан кейін автоматты жылу бекеттерін орнату қажет деп санаймын. Мысалы, 15 қазан күні жылу маусымы басталады. 15 сәуірге дейін. Енді Алматыны, Таразды, Шымкентті, Қызылорданы айтпай-ақ қояйық. Астана, Петропавл, Қостанай қалаларының өзінде 15 қазан күні 20 градус аяз болмайды ғой! Ондай аяз желтоқсан айының соңында келеді. Бірақ жылу берілген кезде ол бәрібір 20 градустық аязға шақталып беріледі. Сосын не істейміз? Әрине терезені ашамыз Көктемде де солай.. Наурыздан бастап күн жыли бастайды. Содан 15 сәуірге дейін терезені ашып қойып, жылуды ысырап қылып, оған ақша төлееп жүргеніміз! Сол үшін егер де автоматты жылу бекеттерін орнатар болсақ, жылу мұншалықты ысырап болмас еді. Ол далада күн жылы болса, үйге келетін жылудың қуатын азайтып отырады.

—  Төлеутай Сатайұлы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша үйлерді жөндеуге жыл сайын 26 млрд. тенге жұмсау  көзделіпті. Тұрғын үйлерді басқарушы органдар болса тұрғындардан жыл сайын 25 млрд. тенге ғана жинайды екен. Ал үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге бұдан екі есе-үш есе көп ақша керек көрінеді. Бұған тұрғындардың, мемлекеттің шамасы келе ме?

— Жоқ, әрине. Мен сізге мысал келтірейін. Мысалы машина біз үшін технологиялық объект. Ол социализм болсын, капитализм болсын өзінің белгілі бір кезеңі келгенде күрделі жөндеуді талап етеді. Үйлер де сол секілді. Оларды әрбір 25-30 жылда бір рет күрделі жөндеуден өткізіп тұру керек. Бұл талаптар нормативтік-техникалық құжаттарда да көрсетілген. Ал қазіргі жағдайда бізге күрделі жаңғырту жұмыстарына жылына 250 млрд. теңге қажет болып отыр! Бюджет мұндай қаржыны әрине көтере алмайды. Не істей керек? Нарықтың механизмдерін пайдалануымыз қажет! Ақша қайда бар? Ақша банкте бар! Ал банктің екі мәселесі бар. Бірінші мәселе — несиелер қымбат. Пайыздық мөлшерлемелер 15-20 пайыз. Бірақ бұл мәселені де шешуге болады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бар емес пе. Міне, сол секілді бұл саланы да осындай жолмен қаражаттандыруға болады. Мысалы пайыздық мөлшерлеменің жартысын мемлекет төлесе, қалған жартысын тұрғындар төлейді дегендей. Екінші мәселе, ол — кепілдік мәселесі. Заң бойынша, банк кепілдіксіз несие бере алмайды. Не істеу керек? Біз енді кепілдікке пәтерлерімізді қоймаймыз ғой! Мемлекет оған да өз тарапынан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорының екінші функциясы ретінде, жаңағы екінші дәрежелі банктердің несиелеріне мемлекеттік кепілдік беруіне болады.

— Бірақ банк жөндеу жұмыстарына арналған несиені кімге береді?

 — Қазіргі пәтер иелері кооперативтері мұндай несиелерді ала алмайды. Біріншіден, олар коммерциялық ұйым емес. Екіншіден, кооператив заңға сәйкес, ондай шешім қабылдауы үшін (несие алу жөнінде. ред.) кооператив мүшелерінің, яғни тұрғындардың жүз пайыз дауысы керек. Біз ондай дауысты өмірде жинай алмаймыз! Сондықтан бұл жерде үшінші жақ — кәсіби маманданған басқарушы компаниялар керек.. Яғни, жөнделетін үйлерді соларға берген жн. Бірақ, бұлай жасау үшін тиісті мемлекеттік органдардың шешімдері қажет. Біз қауымдастықпыз. Біз тек ұсыныс айтамыз. Шешім қабылдайтын басқалар.

— Әңгімеңізге рахмет!