Бұл таңмен таласа тұрып тест тапсыруға ағылған түлектер. Сырттай көңілді көрінгенімен іштей қобалжып тұр. Тест тапсыратын ғимаратқа кіргенде одан бетер мазасызданып кетті.
-Ұялы телефонды қалдыр.
-Қандай телефон?
-Лифчиктегі…
Тестке кірмес бұрын түлектер осылай тыңғылықты тексеруден өтті. Бірінен ұялы телефон табылса, енді бірінен шпаргалкалар тәркіленді. Дегенмен алдыңғы жылғыдай ешкімнің іш киімін тінтіген жоқ. Астаналық түлектерді демеуге Білім министрінің өзі де келіпті. Қорапта құпия сақталған тест кітапшаларын ашып берген Сәрінжіпов емтихан тапсырушыларға сәттілік тіледі.
Жылда басынан дауы арылмайтын тестке биыл да өзгерістер енгізілген болатын. Енді оқушының мектептегі үлгерімі де сынақтың қорытындысына әсер етпек. Әрі 20 мың сұрақ қосылып, тест күрделене түскен. Бұдан-былай шақырайған күннің астында тұрып қортындыны күтудің қажеті жоқ. Нәтижені интернет арқылы білуге болады.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Нәтижелері шыққанда балалар өздерінің жеке идентификациялық коды арқылы көретін болады. Аты-жөні болмайды. Тек осындай код болады. 165 осындай тест өткізу пункттері бар. Толықтай дайынбыз.
Ал, таңмен балаларына еріп шыққан ата-аналардан жаппай маза кеткен. Ыстықта ұл-қыздарының тест тапсырғанын тікелей эфирде бақылап отыр. Қан қысымы көтеріліп, денсаулығы нашарлағандарға жедел-жәрдем көмек көрсетуге дайын. Ал, 3 жарым сағатта барлық сұрақтың жауабын тауып сыртқа шыққандарды жұрт қошеметпен қарсы алды.
Әсел Байылова, бітіруші:
-Мен қатты қиналған жоқпын. Сұрақтар мен үшін оңай болды.
-Шпаргалка пайдаланған жоқсың ба?
-Жоқ.
-Ал, пайдаланғандар болды ма? Ұсталды ма?
-Иә.
Бір арман, бір үміт. Бүгін аудиториядан тест тапсырушылардың бірі қуанып, екіншісінің еңсесі түсіп шықты. Тіпті шпаргалка қолданғандардың нәтижесі сол жерде жарамсыз деп танылып жатты. Десек те қызықтың көкесі әлі алда. Себебі ұпайын даулағандардардың шағымын қарайтын аппеляциялық коммисия ертеңнен бастап жұмыс істемек.