Жарияланды: 1900

Елімізде тұрақты даму жөніндегі Ұлттық комиссия құрылады

Тұрақты даму жөніндегі бүкіләлемдік саммитке дайындық және 21-ғасырға арналған Қазақстандық Күн тәртібінің жобасын жасау жұмыстарын басқаратын мекемеаралық комиссияның төртінші отырысы барысында елімізде тұрақты даму жөніндегі Ұлттық комиссия құру мәселесі қаралды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР СІМ-нің ақпарат және талдау басқармасынан хабарлады.

Мекемеаралық комиссияның төрағасы, ҚР сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ-ның нұсқауына және әлемнің басқа елдерінің тәжірибесіне сәйкес, тұрақты даму жөніндегі Ұлттық комиссия аталмыш мәселе бойынша қоғамдағы барлық сектордың өзара ықпалдастығы мен ынтымақтастығына негіз қалаушы мекемеаралық үйлестіруші орган болуы тиіс. Сондай-ақ, отырыста ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова мекемеаралық комиссияға Қауіпсіздік кеңесі мен үкіметтің тұрақты даму жөніндегі Ұлттық комиссия құру туралы тапсырмаларына сәйкес әзірленген министрлік ұсыныстарын таныстырды. А.Самақова Ұлттық комиссия іс-қызметінің мақсаттары мен басым бағыттары туралы, оның құрылымы, құрамы, құрылу және жұмыс істеу тетіктері, Қазақстанда тұрақты дамуға бет бұру жұмысын қаржыландыру көздері туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, министр тұрақты даму жөніндегі Ұлттық комиссия туралы ережелер жобасын таныстырды. А.Самақова республиканың тұрақты даму және осы жөніндегі ұлттық комиссия құру жөніндегі міндеттемесін орындауда БҰҰ-ның Даму бағдарламасы тарапынан көрсетілген кәсіби сарапшылық-техникалық көмекті ерекше атап өтті. Қазақстан үкіметі еліміздің 1992-жылы қоршаған орта және даму мәселесіне арналып Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның Бүкіләлемдік конференциясында және Тұрақты даму жөніндегі 2002-жылғы Йоханнесбург саммитінде жүктеп алған халықаралық міндеттемелеріне сәйкес тұрақты даму жөніндегі Ұлттық комиссия құру және 21-ғасырға арналған Қазақстандық Күн тәртібінің жобасын жасау жұмыстарымен айналысып келеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін