Жарияланды: 170

Еліміздің әскери-теңіз күштері туралы не білеміз?

Еліміздің әскери-теңіз күштері туралы не білеміз? Сурет - shekaraknb.kz

Білекті де жүректі сарбаздары барда елдің кез келген уақытта қорғанысы берік. Әрине ол үшін әр елдің қарулы күштерінің төрт құбыласы сай болу керек. Бұл тұста еліміздің армиясы әлемнің кез келген мемлекетінің әскерінен кем емес. Мемлекетіміз құрлықтан да, әуеден де қорғана біледі.

Біз бүгін әскерилер арасында беделі биік, әскери-теңіз күштері жайында сөз етпекпіз. Тəуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған əскери құрамалардың бірі - Əскери-теңіз күштері.

Еліміздің әскери-теңіз Күштері 1993 жылы көктемде құрылды. Оның негізгі базасы әуелгі кезде Ақтау қаласында орналасты. Ал 1999 жылы аталмыш әскери база еліміздің ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдеріне қарады. Жалпы биыл теңіз әскерінің құрылғанына 26 жыл толды.

Тұңғыш кемелер қалай жасалды

Президент Жарлығы шыққан соң 1994 жылы Орал қаласында әскери-теңіз Күштерінің Оқу орталығы құрылып, әскери-теңіз күштерінде қызмет ететін кіші мамандар мен командирлер даярлана бастады. Әзірлік мерзімі ретінде 5 ай белгіленіп, бірнеше мамандық бойынша дәріс оқытылды.

Әскери-теңіз күштерін жетілідіру мақсатында 1996 жылы Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысының Басқармасы құрылды.

Жалпы Қазақ елі теңіз көліктерін өз күшімен жасағаны мәлім. Алғашқы жылдары кеме құрастыру бағдарламасы түзіліп, Оралдағы «Зенит» зауытында кеме және катер соғу басталды.

Елімізді теңіз жақтан қорғауы тиіс әскерилердің қандай қиындықтарды бастан өткергенін, қалай құрылғанын бұған дейін «КАРАВАН» басылымына Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов та айтып берген болатын. .

- Әрине, 25 жылда Қазақстан көп нәрсені атқарып үлгерді және әскери флот құруды шын мәнінде нөлден бастады. Қайталап айтамын, нөлден! Кеңес Одағы кезінде Еліміз аумағында КСРО-ның бірде бір Әскери-теңіз флотының бөлімшелері болған жоқ. Одақтың ыдырауы кезінде әскери-теңіз күштерінен елімізге бірде бір техника, әскери теңізшілердің жауынгерлік және күнделікті қызметін реттейтін бір де бір құжат қалмады. Ештеңе жоқ

Бастапқы кезеңде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабының құрамында 1-дәрежелі капитан Руслан Исламовтың басшылығымен Әскери-теңіз күштерінің іргетасы қаланды, ал 1993 жылдың күзінде Ақтауда алғашқы әскери-теңіз бөлімі құрылып, оның командирі ретінде 1-дәрежелі капитан Ратмир Комратов тағайындалды. Осы кезеңнен бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелерін құру және Батыс стратегиялық бағытта әскери қатысу басталды,- деген еді вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов

Алғашы әскери катерлер

Әскери-теңіз күштеріне қарасты әуелгі катерлер Каспий суына 1995 жылы бірінші мәрте түсті. Олар «Сұңқар» және «Батыр» жобасы бойынша жасалған кемелері еді. Содан бері талай жыл өтті. Қазір Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз флотында Америкада жасалған «Си-Арк» және «Бостон» түріндегі катерлер, Германияда және елімізде жасалған сан түрлі кемелер бар.

Бүгіншгі жағдай қалай

Елімізде теңіз күштерінің базасы қазірде де Ақтау қаласында орын тепкен. Оның құрамында əртүрлі кемелер, дивизион, жастарды оқытатын оқу орталығы, гидрографиялық қызмет жəне қамтамасыз ету батальоны енеді. Шамамен, құрамында 3 мыңға тарта жауынгер бар

Теңіздегі әскерімізде «Қазақстан» зымыранды артиллериялық кемесі, «Орал» зымыранды артиллериялық кемесі, «Сарыарқа» зымыранды артиллериялық кемесі, «Маңғыстау» зымыранды артиллериялық кемесі, «Алатау» атты мина іздейтін кеме, «Жайық» гидрографиялық кемесі бар. Олардың қатары Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған кемелермен толығуда.

Одан бөлек Ресейде құрастырылып, Балтық және Каспий теңізінде сынақтан өткен «Алатау» мина-тартқыш кемесі бар. Ол теңіздің асты мен бетіндегі жарылғыш минаны іздеп-анықтауға арналған. Бұл корабль еліміздің Қарулы Күштеріндегі заманауи үлгідегі жалғыз әрі алғашқы кеме.

Еліміздің Әскери-теңіз Күштері қандай жетістіктерге жетті

Қарулы күштердің теңіздегі түрі бүгінде өздерін жан-жақсы қалыптасқан дербес әскери құрама ретінде дәлделдеп келеді. Әскери-теңіз күштері құрылған 26 жыл аралығында сан түрлі жаттығулар өткізіп, халықаралық әскери жаттығулардан да үздік көрінді. Бұл тұста 2017 жылы өткізілген ойындарды ауқымы мен күрделілігіне баса тоқталуға болады. Бірнеше мемлекеттің сарбаздары бақ сынасқан «Теңіз кубогы – 2017» ойынында еліміз сайыстың бірқатар түрі бойынша үздік шықты. «Қалқыма минаны көзеп ату» көрінісі бойынша қазақ сарбаздары жүлделі орын алды. Атап айтқанда қазақстандық Әскери-теңіз күштеріне қарасты «Сарыарқа» кемесі 46 ұпай алып, үздік үштікті қорытындылады.

28 ел қатысқан, бірнеше мемлекет бақылаушы болған «АрМИ – 2017» халықаралық әскери ойындар аясында өткен бұл ойында еліміздің армиясы өзінің әлеуеті бар, тәжірибесі шыңдалған сарбаздары бар екенін көрсеткен болатын.

 

Әскери-теңіз Күштерінің міндеттері әрі мақсаттары қандай?

Теңіздегі әскерилер – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде еліміздің шекарасын қорғап, қауіпсіздігін қамтамассыз етеді. Одан бөлек елдің экономикалық мүдделерін барынша қорғау, басқыншылардың шабуылына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстардың алдын алу жүктелген.

Әскери-теңіз күштеріне суасты-диверсиясына қарсы қорғану, құрлықтағы әскери күштердің іс-қимылын теңізден қамтамасыз етіп, қолдау көрсету, теңіз десантын түсіруге мүмкіндік жасау, сарбаздар әрі олардың техникалық құралдарын тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру, халықаралық өзара келісімге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспий жағалауындағы өзге бес мемлекеттің әскерилерімен бірлескен тапсырмаларды орындау жүктелген.

Бұған қоса, еліміздің портты аймақтары мен мұнай іздеуге арналған нысандарды қорғау әрі күзетумен айналысады.

Каспийдегі теңіз флоты Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік өкілдерімен тізе қоса отырып теңіз аумағында іздеу-құтқару шараларын іске асырады. Ашық теңізде қиын сәтке тап болған жандарға көмек қолын созады.

Еліміздің әскери- теңіз күштері қоршаған ортаны қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі түрлі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жоюға және басқа да көптеген міндеттерді атқаруға атсалысады.

Еске салсақ, бүгінде модификацияланған жаңа сызық бойымен Каспий түбін бөлу кезінде Қазақстанға теңіздің 29,6 %, Әзірбайжанға – 19,5%, Ресей Федерациясына – 18,7%, Түркіменстанға – 18,4%, Иранға – 13,8% тиесілі болған еді.

mod.gov.kz
mod.gov.kz


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін