Жарияланды: 980

Еліміздің барлық аймақтары мен экономика салаларында негізгі экономикалық даму ағымдары сақталып қалды - ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі

ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мәліметі бойынша, қаңтар-қыркүйек айларында ең төменгі инфляция деңгейі тіркелді, атап айтсақ, 2002-жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 2003-жылдың қыркүйегінде инфляция 2,8 процентті құрады. Бұл туралы бүгін, 21-қазанда өткен үкімет отырысында ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов хабарлады.

Министрдің мәліметтеріне сәйкес, азық-түлік өнімдерінің бағасы 1,8%-ке, азық-түлікке жатпайтын өнімдердің бағасы 4,7%-ке, ақылы қызметтердің құны 3%-ке өсті. Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда көтерме тауар айналымының көлемі 10%-ке, байланыс қызметінің ауқымы 25,6%-ке артты. 2003-жылғы 1-қазандағы жедел мәліметтер бойынша, мемлекеттік бюджет түсімдері 775,9 млрд. теңгені құрап, 2002-жылғы 1-қазандағы көрсеткішпен салыстырғанда 29,8%-ке артты. Мемлекеттік бюджеттің дефициті 871,7 млн. теңгені құрады. Кедендік статистика мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2003-жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 30%-ке артты. Соның ішінде экспорт 8,07 млрд. долларды (өсім 40%), импорт 5,023 млрд. долларды (өсім 18%) құрады. "Еліміздің барлық аймақтары мен экономика салаларында тоғыз айда негізгі экономикалық даму ағымдары сақталып қалды",- деді Қ.Келімбетов. Әйтсе де, министрдің айтуынша, төртінші тоқсан- "шешуші тоқсан" болмақ. Ал дәл қазіргі таңдағы алда тұрған маңызды міндеттер ретінде министр "астықты толыққанды жинап сақтау, әлеуметтік нысандарды қысқа әзірлеу " жұмыстарын атады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін