Еліміздің барлық аймақтарында оқулық тапшылығы жалғасуда - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздің барлық аймақтарында оқулық тапшылығы жалғасуда

Еліміздің барлық аймақтарында оқулық тапшылығы жалғасуда

Балаларына кітап таба алмаған жұрт үш күннен бері дүкендердің алдында ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Мұны оңтайлы пайдаланып жатқандар да жетерлік. Алматының өзінде қолдан кітап көшіріп сатқандардың саудасы қызып тұр. Ал шенеуіктер болса, оқулық жетіспеушілігін ата-аналардың өздерінен көріп отыр.

  • 5 Қыркүйек 2013
  • 347
Фото - Caravan.kz

Саудагерлердің бірі көшірме кітаптарды сатып алуға болатын жерге жол сілтеді. Базарда олар жасырын сатылуда. Түпнұсқадан әлдеқайда арзан болғанымен, жұқа әрі бояуы да кеппеген. 

Оқулықтардың бұлайша қолдан басылып шығуына нағыз кітаптардың қымбатшылығы себеп болған. Қазір бір оқулықтың бағасы көк базарда 2 мыңнан басталады. Мектептердегі оқулықтардың тапшылығы салдарынан сауда сөрелерін жағалаған жұрт бума бума кітап алып жүр.   

Нұргүл Жолсейітова, Алматы қаласының тұрғыны:

— 5 жасар қызымды нолевой классқа берейін дегем, оған 13 кітап сатып аласыңдар дейді. Сонда біз қалай оқытамыз? Мен вообще түсінбеймін.

7 жасар Әнел мен Архат бүгін төртінші күн мектеп табалдырығын әлі аттаған жоқ. Мұғалімдері кітапсыз келмеулерін талап етіпті. Ал аналары баспа алдындағы ұзын-сонар кезекті әлі тауысар емес. Ауыл тұрғыны ұлы мен қызына барлығы 26 кітап сатып алуы тиіс.         

Сәруар Мамытханова, Боралдай ауылының тұрғыны:

— Бәрін сатып алуға енді дайын болмасақ та алу керек. Қала береді ғой балалар, қашанғы енді программадан қалады? Сол үшін алу керек, қайтсек те балаға ақша тауып аламыз.

Бір ғана Алматы қаласында биылғы жаңа оқу жылына кітап алуға деп мемлекеттік бюджеттен 1 млрд 480 млн теңге бөлініпті. Оған оқу орындары баспалардан 2 млн 300 су жаңа оқулық алдырған. Бірақ соған қарамастан, кітап дүкендерінің алдында аш ішектей созылған кезек әлі сейілмеген. Ал оқулықтардың жетіспеушілігінен пайда болған жалған кітаптар туралы ақпарды білім басқармасындағылар мүлдем теріске шығаруда. Айтуларынша, бояуы жұғатын оқулықтар бала қолында жоқ.   


Саида Төкеева, Алматы қаласы білім беру басқармасының маманы:

Алматының балалары ондай кітап алмайды. Балалардың кітаптары бәрі мектеп береді. 100 пайыз.

Мектептерді оқулықтармен түгел қамтыдық дегенімен, баспалар алдында ата-аналар бүгін де кезегін күтіп тұр. Кітаптың бірі болса, бірі жоқ. Оқулық үшін арнайы ауылдан келген Сәруар Мамытханова да қажеттісін таппаса, қос оқушыны бір кітаппен мектепке аттандырмақ.