Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропалық одақ жасанды интеллект саласындағы технологиялық әлеуетін күшейту мақсатында Еуропада жеті AI гигафабрикасын салуға тендер жариялады. Жоба АҚШ пен Қытайға тәуелділікті азайтып, жасанды интеллектке арналған егеменді инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.
Euronews-тің мәліметінше, AI гигафабрикалары – триллиондаған деректерді өңдеуге қабілетті ірі есептеу орталықтары. Олар ең жаңа жоғары өнімді чиптермен жабдықталып, келесі буындағы ірі тілдік модельдерді әзірлеу мен оқытуға арналған.
Жобаның жалпы құны шамамен 30 миллиард еуроны құрайды. Оның ішінде 5 миллиард еуроны Еуропалық комиссия, тағы 5 миллиард еуроны жобаға қатысатын ЕО-ға мүше мемлекеттер бөлмек. Ал қалған 20 миллиард еуро жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылады.
Бастамаға қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда 76 компания жобаға қатысуға ниет білдірген. Осыған байланысты Еурокомиссия бастапқыда жоспарланған төрт-бес нысанның орнына жеті гигафабрика салу туралы шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта гигафабрикаларды өз аумағында орналастыруға Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Чехия, Дания, Финляндия, Грекия және Португалия үміткер болып отыр. Жобалар ұлттық немесе халықаралық консорциумдар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Сонымен қатар Еурокомиссия жасанды интеллектке арналған мамандандырылған чиптерді жеткізу бойынша Nvidia, AMD және Qualcomm компанияларымен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойған. Бұл ретте жоба аясында қандай да бір технологиялық жеткізушіге шамадан тыс тәуелділіктің алдын алу талаптары да қарастырылған.
Табысты өткен жобалар бойынша гигафабрикалардың құрылысы 2027 жылдың басында басталып, оларды 2028 жылдың ортасына қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр.