Жарияланды: 120

Ерлан Біләл: «Маған жала жапқан адамдарды кешірдім»

Ерлан Біләл: «Маған жала жапқан адамдарды кешірдім» Сурет - tengrinews.kz

Белгілі актер Ерлан Біләл істі болғаннан кейінгі алғашқы сұхбатын берді.

Бұл туралы актермен тілдескен azattyq-ruhy.kz медиа-порталы жазды.  

Әңгіме барысында өнер иесі соттан кейінгі өмірі жайлы, өнері туралы талай дүниенің шетін қозғапты. 

"Маған қаржылық көмектен бұрын, рухани көмек қажет болды. Руханияттың биік шыңдарын бағындырған ағаларым әу бастан менің қасымнан табылып, қолдауын көрсетті. Мысалы, сол күндері Нұрлан, Асанәлі ағаларым мен үшін уақытын бөліп, елді сабырға шақырғаны көңіліме ерекше медеу болды. Мен үшін мұның бәрі жаңа өмір парағын ашуға мүмкіндік берді. Сол себепті алғыстан басқа айтарым жоқ. Ел-жұрттан көмек болғаны рас. Біреу келіп маған қомақты қаржыны ұстата салды деуге келмес, бірақ тілеулес жігіттер, қыздар, ағалар, туыстар, бауырлар, бәрі жан-жақтан қолдады. Қолымда бар кейбір дүниелерді саттым. Сөйтіп жаптым...

Бұл өмір. Кеше ғана ағалап, көкелеп жүрген жігіттер болды. Теріс айналмаса да, саған қырын қарап жүргендерін сезесің. Олардың ешқайсысына ренжімеймін. Бәріне кешіріммен қараймын. Бірімізді жоқтан бар жасаған құдіретті Алла бар, есебін өзі айырып береді.

Басыма түскен жағдайды айтпағанда, 3 жыл театр басқарғанда да оңай ештеңе болған жоқ. Ауқымды жұмыстар атқардық. Өздеріңіз білетіндей, Қазақ хандығының 550 жылдығы өтті. Соған байланысты театр тарихында бұрын-соңды болмағанды істеп, 700 адамнан тұратын топпен Тараз қаласында спектакль қойдық. Бұл жәй концерт емес, сахналық спектакль еді. Және қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында 5 мың адам қатысқан шараның ішінде жүрдім. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, театрдың 90 жылдығына және ЭКСПО-ға қатысты шараларға белсене атсалыстым. Лондон, Корея, Түркияға бардық. Келген соң Токиоға да театрымызбен бардық. Сонда Жапониядан үлкен келісім-шартпен оралып едік. Жоспар көп болды. Сингапур, Франциядағы фестивальдерге шақырту алғанбыз. Осының барлығы аяқсыз қалғаны маған ауыр тиді. Бәрінен де осы жұмыстардың, шығармашылықтағы бастамаларымның аяқсыз қалғаны жаныма қатты батты. Денсаулығыма әсер еткені осы болды",- деді актер Ерлан Біләл. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін