Ермек Айсын: "Muzart life" мен үшін сахнаға шығуға зор мүмкіндік беретін жоба болды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ермек Айсын: "Muzart life" мен үшін сахнаға шығуға зор мүмкіндік беретін жоба болды

Ермек Айсын: "Muzart life" мен үшін сахнаға шығуға зор мүмкіндік беретін жоба болды

Ермек Айсын қазақтың танымал әндеріне cover түсіріп, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жас талант.

  • 17 Желтоқсан 2020
  • 274
Фото - Caravan.kz

Жас әнші Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат беріп өнер жолы туралы, Muzart life жобасы жайлы және арманы туралы арнайы сұхбат берді.

— Ермек, осыдан біраз уақыт бұрын белгілі сайтта сен туралы мақала шыққан болатын. Мақаланы ең алғаш көргенде қандай әсерде болдың?

— Ассалаумағалейкүм! "Әу" демейтін қазақ жоқ. Еліміз, Аллаға шүкір, өнерімен тәнті етер дарынды жандарға бай.
Мейрамбек Таубалдиев деген журналист азамат өңірімізде танылмай жүрген тума таланттарды қаламына арқау етеді екен. Ең алғашында мен туралы жазбаны өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған екен. Менің шығармашылығымды көптен бері қадағалапты. Youtube арнасындағы орындаған коверлерімді тыңдап, мен жайында сұрастырып, ақпарат жинастырған екен. Мақаланы оқыған кезде іштей бір өзіме деген өзге адамның демеуін сезіндім. Жақындарым, жерлестерім, достарым, әріптестерім де мен үшін қуанышты екендерін жеткізіп, репост жасап, өз лебіздерін, қолдауларын білдіріп жатты.
Ең бастысы, ол кісінің өнер адамдарына деген құрметіне риза болдым.

— Бұл сайттан өзіңді көпшілік қауым көрген болар. Енді қай жақтың тумасысың, сол жайлы айтып өтсең.

— Иә, әрине. Мен үшін, күтпеген жайт болды. Өзім Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылының тумасымын. Біздің топырақта, күй атасы Құрманғазы, оның ізбасарлары: Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, көрнекті ақын, мемлекеттік Гимн авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов, Әбу Сәрсенбаев, Рақымжан Отарбаев сынды және т.б. біртуар жандар дүниеге келген қасиетті жер. Ресеймен шектесетін шекарадағы елміз. Қазір туған жерімде, ата-анамнын қасында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде әншілік қызметін атқарамын. Түрлі масштабтардағы ән додаларында ауданымның атын асқатату жолында аянбай еңбек етіп, тамшыдай үлесімді қосуға ат салысудамын.

— Бұрын "Muzart life" деген жобаға қатысқан болатынсың. Бірақ, ұзаққа бара алмаған секілдісің?!

— "Muzart life" — ауқымды өнер аламаны, үлкен сахнаға шығуға зор мүмкіндік беретін жоба болды мен үшін. Қазақ ән өнерінде өл қолтаңбалары бар "МузАрт" тобы өз ізбасарларын халық арасынан іздестірді. Мега жобаның шартына сәйкес Қазақстан бойынша іріктеу болды. Естіген бойда ең бірінші бейнежазбамды жібердім, содан кастингке жолдама алдым. Кастинг Батыс аймақ бойынша Атырау қаласында өтті. Одан 10 үміткер Алматыда өтетін деңгейге жолдама алдық. Жеке болып та, топ болып та сайыстық. Мега жобаның ширек финалына дейін жеттім. Маған "Дауыс бояуың ерекше" деп ең көп қолдай көрсеткен Сәкен Майғазиев ағамыз болды. Жобада Жеңіске жетуіме кедергі болғаны: біріншіден, дайындықтың аздығы, екіншіден, орындайтын әнің 2-3 күн қалғанда ғана беріледі, ол ән сенің бойыңа толық сіңірмеді. Және таңдалған әндер көбіне менің табиғатыма келмеді. "Музарт Лайф" мен үшін, өнер жолымда үйретері көп, одан әлі шыңдалуыма септігін тигізер баспалдақ болды.

— Инстаграм желісіндегі парақшаңда танымал әндерге кавер түсіресің. Өзіңе қандай жанрдағы әндерді айтқан ұнайды? Жалпы қандай музыка тыңдайсың?

— Табиғатым мен дауыс ырғағыма келетін әндерді бар жаныммен жүрекке жеткізіп орындауға тырысам. Репертуарымның көбісі фирмалық әндер. Сонымен қатар джаз, блюз және классикалық стильдегі әндерді тенор дауыста шырқаймын.

— Мамандығың қандай? Неліктен музыка мамандығын таңдамадың?

— Негізі меңгерген мамандағым -бағдарламашы. Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университеттің түлегімін. Осы білім ордасының қабырғасында жүргенде де ән айтуды тастаған емеспін. Түрлі байқауларға қатысуыма жағдай жасаған сол кездегі университеттегі қолдаушыларыма алғысымды білдіремін және ұмытпаймын. Іште жатқан өнер шықпасына болмады, түбі өз дегенін жасады. Жемісін де беріп жатыр. Өкінбеймін.

— Демеуші, продюсерлер ұсыныс білдірмеді ме тележобадан соң?

— "Музарт Лайфтан" кейін талай жақсы ұсыныстар мен шақыртулар болды. Саят Медеуов пен Мейрамбек Беспаев ағаларымыз да, Алматының Қаскелең деген жеріндегі мәдениет үйіне де жұмысқа шақырған. Көптеген өнер саңлақтары осы өңірден өнер жолдарын бастап, көтерілген екен. Бірақ, сол кезде жастықтың әсері болды ма, көп нәрсені кеш түсіндім.
Көп адамдар өнерімді бағалап, ауылда қалма, ауылда не істем жүрсің деп айтып жатады. Оп оңай адамның бағы жанбайды ғой. Өнер жолы-қиын жол. Алайда, ауылды таңдағаныма еш өкінбеймін.

Туып өскен жерімнің мәдениетін, өнерін өркендетуге, мәртебесін асқақтатуға үлес қосқым келеді. Осы орайда Аудандағы және облыс орталығындағы мәдениет саласының басшылары да өз көмегін көрсетуден тайған емес. Шын өнер иесі кез келген жерде жұлдызын жарқырата алады. Ол үшін талантыңнан бөлек көп еңбек ету керек деп ойлаймын. Әлі де кеш емес, сондықтан талай белестерді бағындырып, талай асулардан асатыныма сенімдімін. Бойымдағы өнер отын ешқашан өшірмеймін.

— Арманың қандай?

— Арманым — өнер жолынан таймау. Бір орында тұрып қалмай, даму. Көрерменді жақсы жағынан таңқалтырып, жанашыр жандардың маған артқан үміті мен сенімдерін нағыз еңбекпен өтеу, қазақ өнерінен өз орнымды табу.

— Сұхбатыңа рақмет!

Соңғы жаңалықтар