Жарияланды: 590

ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырысында қоғамдастыққа мүше елдерде біртұтас кедендік тариф қалыптастыру мәселесі қаралады

Бүгін, 28-қазанда Мәскеуде ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі мәжілісінде қоғамдастыққа мүше елдерде біртұтас кедендік тариф қалыптастыру мәселесі қаралады. Бұл туралы ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі Мәскеу мәжілісіне аккредитацияланған қазақстандық журналистерге берген сұхбатында ЕурАзЭҚ бас хатшысының орынбасары Серік Пірімбетов хабарлады.

Оның айтуынша, "қазіргі бұл мәселеге қатысты ахуал 1996-жылғы жағдайдан да жаман болып тұр". С.Пірімбетовтың айтуынша, кедендік тарифтерге қатысты мәселе бойынша айырмашылықтар "Қырғызстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне және Тәжікстан мен Қазақстанның кедендік Кодекстеріндегі өзгешеліктерге байланысты". Сонымен бірге бүгінгі отырыстың күн тәртібінде өзара сауда-саттықта арнайы қорғаныстық сипаттағы антидемпингтік және компенсациялық шараларды қолданбаған жағдайда ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің ішкі рыноктарын қорғау тетіктеріне байланысты мәселелер қаралады. Сондай-ақ, саммитке қатысушылар экспорттық бақылаудың біртұтас тәртіптері туралы, қоғамдастыққа мүше елдердің бағалы қағаздар рыногіндегі өзара ынтымақтастығы туралы, сондай-ақ, елдердің кітапхана ісі саласындағы өзара ынтымақтастығы туралы келісімдердің жобасын талқылайды. Отырыстың күн тәртібінде сондай-ақ, жеке тұлғалардың шекарадан тең құқылы әрі еркін өтуіне және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз алып өтуіне жағдай жасау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттама жобасын талқылау қарастырылған. С.Пірімбетовтың түсініктемесіне жүгінсек, "3 мың доллар көлеміндегі валютаны ешбір құжат рәсімдемей-ақ кедергісіз алып өту, сондай-ақ, 50 килодан аспайтын көлемдегі жүктерді кедендік алымсыз шекарадан алып өту туралы " өзара түсіністікке қол жеткізілді. Сонымен бірге отырыста ұйымның 2004-жылғы бюджетінің жобасы талқыланады. С.Пірімбетовтың айтуынша, "ұйымның бюджеті анау айтқандай ауқымды емес, әрі ол негізінен хатшылықты қаржыландыруға жұмсалуда". ЕурАзЭҚ бас хатшысы орынбасарының атап көрсетуінше, ұйымға мүше елдердің кейбірі қазір бюджеттік төлемдер бойынша борышты болып отыр. Осы орайда ол қазір Беларусь пен Қырғызстанның осындай берешегі бар екенін, ал Қазақстан, Ресей және Тәжікстан елдері тиісті жарналарды толыққанды төлегенін айтты. ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырысы одан әрі жалғасуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін