Г. Әбдіқалықова Нанкин Олимпиадасының жүлдегерлерін қаржылай сертификаттармен марапаттады - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Г. Әбдіқалықова Нанкин Олимпиадасының жүлдегерлерін қаржылай сертификаттармен марапаттады

Г. Әбдіқалықова Нанкин Олимпиадасының жүлдегерлерін қаржылай сертификаттармен марапаттады

Бүгін Астанадағы "Сарыарқа" велотрегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қытайдың Нанкин қаласында өткен ІІ жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.

  • 12 Қыркүйек 2014
  • 389
Фото - Caravan.kz

"Сіздерді Қытайдың Нанкин қаласында өткен ІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында тамаша өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын лайықты қорғап келген жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты қамқорлығының арқасында спортты екпінді дамытып келе жатқан еліміздің дәл сіздердей мақтануға тұратын ұл-қыздары барлығына біз шексіз қуаныштымыз", — деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық жас спортшылар 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль ұтып алып, І жасөспірімдер Олимпиадасындағы көрсеткішін жақсартып, ресми емес жалпыкомандалық есепте 21-орынға табан тіреді.

Оның айтуынша, қазіргі Олимпиадалық ойындар әлем қауымдастығы өмірінде үлкен орын алады. Бұлар жай ғана спорттық сайыстар емес, бүгінде Олимпиада ойындары кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетін паш етеді.

"Сондықтан 200-ден астам елдің спортшылары қатысқан бәсекеге толы сайыста команда бойынша 21-ші орынды иелену — сіздер мен бапкерлеріңіздің ерен еңбегі. Сонымен қатар, сіздер спорттық резерв дайындаудағы қазақстандық жүйенің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, әлемдік дәрежедегі спортшылардың тұрақты түрде әрі үздіксіз тәрбиеленіп жатқанын көрсеттіңіздер", — деді вице-премьер.

Осыдан кейін Г. Әбдіқалықова спортшылар мен олардың бапкерлерін Мемлекет басшысының және ел Үкіметінің атынан құттықтап, қаржылай сертификаттармен марапаттады. Айта кетейік, алтын медаль әкелген спортшылар Абылайхан Жүсіповке, Мұхамбет Қуатбекке, Бауыржан Жауынтаевқа 1 млн. 820 мың теңге көлемінде, күміс медаль иегері Вадим Казаковқа 910 мың теңге, ал қола жүлдегерлерге 540 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Сондай-ақ жас спортшыларды жаттықтырғаны үшін олардың бапкерлері де қаржылай сертификаттар алды.