Жарияланды: 580

ГФР елшісі Қазақстандағы дипмиссиясын аяқтады

Германия Федеративті Республикасының елшісі Райнер Ойген Шлагетер Қазақстандағы дипломатиялық миссиясын аяқтады, деп хабарлайды ҚР парламенті мәжілісінің баспасөз қызметі.

«Бүгін ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов Германия Федеративтік Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетерді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады», - делінген сейсенбі күні парламенттің ресми сайтында жарияланған ақпаратта. О.Мұхамеджанов елшіге Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық байланыстарды нығайту жолында жасаған еңбегіне алғыс айтты. «…Биылғы жылы «шикізат технологияларға айырбас ретінде» формуласына негізделе отырып, шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қою қазақстандық-германиялық қатынастарды стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтереді», - делінген мәжілістің баспасөз қызметінің ақпаратында. Сондай-ақ, палата спикері Германия жағына 2010 жылы Гумбольдт ат. Берлин университетінде «Қазақстан және қазақ тілі» лекторатының ашылғаны үшін алғыс білдірді. Елші өз кезегінде Қазақстан халқы мен елі туралы жылы естеліктер сақталатынын айтты. «Әсерлі күндерім ретінде есімде сақталады. Бұдан төрт жыл бұрын Астана қаласы да қазіргідей емес еді. Аз ғана уақыттың ішінде одан сайын көркейді. Мемлекет те экономикалық өрлеу жолына түсті»,- деді Райнер Ойген Шлагетер. 2010 жылдың қорытындысы бойынша Германия Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптес елдердің ішінде алтыншы орынға көтерілді. 2010 жылы Германияның Қазақ еліндегі жылы табысты өткені анық. Өткен жылы арнайы іссапармен ГФР Федеральдық канцлері Ангела Меркель ханымның Қазақстанға екі мәрте келгені белгілі,сондай-ақ, ГФР сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле ЕҚЫҰ СІМК-іне қатысу үшін Алматыға келді. Райнер Ойген Шлагетер мырза Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын 2007 жылы қазан айында тапсырған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін