Бұл туралы Caravan.kz порталы Okg.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Еуропада көптеген шіркеулерде ғасырлар бойы тек аристократия өкілдері жерленетін болған. Түркістанның төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесінің еліміздің тарихы мен рухани өмірінде маңызды орын алатыны мәлім. Аталмыш кесене ішінде көптеген хан-сұлтандар, батырлар мен билер, басқа да игі жақсылар жерленген. Сол замандарда қайтыс болғандарды ірі әулие-әмбиелер жанына әкеліп жерлеу Батыс әлемінде де, Шығыс әлемінде де үрдіс болған. Ал, енді өзімізге оралар болсақ, бүгінде көнекөз ақсақалдар Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне марқұмдарды жерлеу қашан тоқтатылды деген сұраққа нақты жауап таппай қиналады. Кесенеге игі жақсыларды жерлеу Кеңес Одағы кезінде тоқтады ма екен, жоқ, одан да әріректе ме?
Осы сұрақтың нақты жауабын жақында архивтен табылған бір құжатпен танысу барысында тапқандай болдым. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған бір істе Түркістан уезінің бастығы, полковник Чеботаревтің Сырдария облысының бастығына, Түркістан генерал-губернаторы атына жазылған рапорты бар. 1884 жылдың 30 қаңтар күні жазылған рапортта Әзірет Сұлтан кесенесінің жергілікті мұсылман халқы үшін өте қасиетті жер екенін, бұл кесененің ішіне Түркістан аймағының түкпір-түкпірінен қайтыс болған би, батыр, бай-бағлан, игі жақсыларды алып келіп қоятынын баяндайды.
Мәйітті кесене ішіне қоюға Әзірет Сұлтан ұрпақтарының рұқсатымен және оларға ақысын төлеп жерлейтінін баяндайды. Әрі қарай қазір Әзірет Сұлтан кесенесі іші молалар мен шіріген мәйіттерге толып кетті, мешіттің ішінде жағымсыз иіс шығып тұрады, соған байланысты кесененің ішіне жерлеуге тыйым салу қажет екенін өтініп сұрайды. Түркістан шаһарының ақсақалы Мирхадыр Нарбаевтың айтуы бойынша бұдан 4-5 жыл бұрын марқұм болып кеткен генерал-губернатор фон Кауфманның тұсында кесененің ішінде мәйіт жерлеуге тыйым салатын бір жарлық шыққан екен, бірақ Чеботарев менің қолымда бұл жарлық жоқ деп айтады. Осы рапорт Ташкент қаласына жеткен соң генерал-губернатордың канцелериясынан 9 наурызда резолюция қойылған жауап келеді. Резолюцияда «Мәйіттерді кесене ішіне жерлеуге тыйым салынсын, сол бұйрық туралы кесененің басшыларынан қолхат алынсын» делінген.
22 наурыз күні Әзірет Сұлтан кесенесінің мутаваллиі, нақибы және Түркістан уезінің шейх-үл-исламы Рахмет Чиллә қожа Ғалиакбарқожаұлы, Атахан қожа Шарипқожаұлы, Хамидулла қожа Фатхуллақожаұлдары осы 3 кісі өз аттарынан қолхат беріп, бұдан былай кесене ішіне қайтыс болған кісілерді қоймаймыз, бұйрықты орындаймыз, орындамаған жағдайда заң алдында жауап береміз деп сөз береді. Және осы құжаттың соңында бір хат тіркелген. Ол хатта кесене ішіне ең соңғы жерленген кісі туралы мәлімет бар. Онда «1883 жылы 1 желтоқсанда Атбасар уезі, Қарабала Жабай болысының қазағы әкелініп, кесененің Ақсарай бөліміне жерленді» деп анық жазылған. Кісінің аты-жөні белгісіз, әлде хат жазушы мутавали қателесті ме екен, Атбасар уезінің Қарабала болысының қазағы Жабай деп оқу керек пе деп ойлаймын, себебі Арқада найман елінің Қарабала болысы деген болыс болған. Ол жерде Жабай деген өзен де бар.
Міне, осындай құжатқа қарап отырып 1884 жылдан бастап Түркістанда кесененің ішіне кісі жерлеудің күрт тыйылғанын біліп отырмыз. Ал, әрине, кесене сыртына жерлеу жалғаса берді. 1884 жылдан кейін қайтыс болып Түркістанға апарып жерленіпті деп аңыз қылған игі жақсылардың кесененің ішінде емес, сыртында жерленгенін осы оқиғадан болжауға болады. Осыдан кейін мәйіттерді өте алыс аймақтардан әкелу де тоқтаған сияқты. Сонымен қатар бұл тыйым салған жарлық тек кесене ішінде «иіс шығуы» себебінен емес, Сарыарқадан бастап Қоқан, Бұхарадан бері қарай Әзірет Сұлтанға келіп түнеген түбі бір түркі халықтарының Түркістанмен рухани байланысын үзуді мақсат еткендіктен деп анық айта аламыз. Бұл Арқа қазақтарына Түркістандағы қожалардың ықпалын да азайтты. Себебі, олар өлген игі жақсы кісілерді жерлеуге, одан кейін асын беруге, моласына зиярат қылуға жыл сайын келіп тұратын еді. Патша өкіметінің осы жарлығы арқылы рухани байланыстар сиреп, ақыры үзіліп тынды деген қорытынды жасауға болады.