Іле Аламаты ұлттық паркіндегі қанды қырғынға қатысты сот отырысы бүгін жабық есік жағдайында басталды. Тергеу құпиялығына байланысты процесске тіпті басты айыпталушы Саян Хайровтың жақындары да кіргізілген жоқ. Лаңкестік топ мүшесінің өзі жыл басында Бішкекте құрықталған болатын. Бірақ кінәсін сол күй мойындамапты.
Жандос Бұлхайыр, Саян Хайровтың қорғаушысы:
— Хайров Саян мына Іле-Алатауы қорығында болған оқиғаға ешқандай қатысы жоқ. Сондағы адам өліміне ешқандай қатысы жоқ деп айта аламын. Өйткені, Саянның өзі ол жерде болмаған. Ол сол кезде сыртта Бішкекте болған.
Күйеуінің кінәсіз екеніне Хайровтың жұбайы Шынар да сенімді. Бірақ келіншектің өзі былтыр басқа лаңкестердің жұбайларымен бірге қолға түскен екен. Алайда оларға қандай қатысы барын айтпай отыр. Енді сол құрықтау операциясы кезінде оққа ұшқан 10 жасар ұлының өліміне күш құрылымдарын кінәлаумен жүр.
Шынар Бисенбаева, Саян Хайровтың жұбайы:
— Баламның өліміне байланысты, яғни сыртқы күш-әрекет қолданды ғой. Ол анық көрініп тұр. Интернетте бар. Яғни, жантүршігерлік әрекетпен ол өлтірілді….Мен осы сұрақты көп адамдарға қойып келдім, бірақ еш жауап берілмеді.
Естеріңізге салсақ, Іле Алатауы ұлттық паркіндегі қылмыс былтыр тамызда орын алған. Лаңкестер екі бірдей кордонда 12 адамды жер жастандырған болатын. Ал қорықшының тағы бір ұлы сол күйі із-түзсіз жоғалды. Қазір өлдіге саналғанымен, мәйіті табылған жоқ. Сондықтан бүгінгі сот отырысына келген Игорь Захаропулоның жұбайы да күйеуін табуды талап етуде.
Ольга Захаропуло, Игорь Захаропулоның жұбайы:
— Жоғалған денені табу керек қой. Тым құрымағанда, дұрыстап, арулап көму үшін. Сонда ғана ұлымыз екеуміздің жанымыз жай табар еді.
Іле Алатауындағы қырғыннан кейін күш құрылымдары лаңкестердің ізіне түсіп, Алматы іргесіндегі Таусамалы аулында құрықтау операциясын ұйымдастырған болатын. Сол жолы 9 адамның көзі жойылды. 7 лаңкес, екеуі солардың қасында болған балалар. Ал топ жетекшісі Саян Хайров пен сыбайласы Зәуірбек Ботабаев сытылып кетті. Хайров 6 айдан кейін Қырғызстанда құрықталса, Ботабаев әлі халықаралық іздеуде. Қазір Саян Хайровқа лаңкестік топ құрып, діни араздастықты тудырды, шекараны заңсыз кесті деген қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылуда. Адвокаты болса, істі қайтадан басынан тергеуді өтініп отыр. Қорғаушы тараптың талап-арызын сот енді ертең қарайды.