"Инфрақұрылым мен маркетингті күшейту керек": Тур ұйымдастырушы Түркістан облысының туризмін дамыту жолдарын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+34 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Инфрақұрылым мен маркетингті күшейту керек": Тур ұйымдастырушы Түркістан облысының туризмін дамыту жолдарын айтты

"Инфрақұрылым мен маркетингті күшейту керек": Тур ұйымдастырушы Түркістан облысының туризмін дамыту жолдарын айтты

Кейінгі жылдары Қазақстанда ішкі туризмге деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді.

  • 15 Шiлде
  • 9
Фото: Тимур Байғұловтың жеке мұрағатынан

Демалысты шетелде емес, ел ішіндегі көрікті жерлерде өткізуді қалайтындардың қатары көбейіп, табиғат аясындағы саяхатқа сұраныс жоғарылады. Сол өңірлердің бірі – Шымкент пен оның маңындағы табиғи туристік бағыттар. Тянь-Шаньның баурайындағы көркем шатқалдар, қорықтар мен демалыс орындары бүгінде туристерді өзіне тартып отыр.

Осы ретте Caravan.kz тілшісі өңірдегі ішкі туризмнің қазіргі ахуалы, туристер жиі таңдайтын бағыттар, саланы дамытуға кедергі болып отырған мәселелер және қауіпсіздік талаптары туралы тур ұйымдастырушы, гид, фотограф Тимур Байғұловтың пікірін тыңдап көрді.

Кейінгі жылдары Шымкент пен оның маңындағы табиғи туристік нысандарға қызығушылық едәуір артты деуге болады. Осы өңірдің көрікті жерлеріне тур ұйымдастырушы ретінде мұның негізгі себептері неде деп ойлайсыз?

— Иә, әсіресе карантиннен кейін ішкі туризмге сұраныс артты. Жұртшылық денсаулыққа мән берудің, белсенді өмір салтын ұстанудың, табиғат аясында демалудың маңызын түсінді. Instagram, TikTok секілді әлеуметтік желілер де көрікті орындардың танылуына ықпал етті. Бұрын көпшілік біле бермейтін табиғи орындар бүгінде әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталып, туристерді қызықтыра бастады. Сонымен қатар адамдар шетелге шықпай-ақ, өз өңіріндегі әсем жерлерді аралауға көбірек көңіл бөле бастады. Бұл үрдіс жергілікті кәсіпкерлердің де туризм саласына қызығушылығын арттырып, жаңа бағыттардың пайда болуына жол ашты. Нәтижесінде Шымкент пен оған жақын орналасқан табиғи аймақтарға келушілер саны жыл сайын артып келеді.

Фото: Тимур Байғұловтың жеке мұрағатынан

Шымкент тұрғындары мен басқа өңірлерден келетін туристер ең көп баратын бағыттар қайсы? Бұл орындардың ерекшелігі неде?

— Шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келетін туристер көбіне Түркістанға және Ақсу-Жабағылы қорығына баруды таңдайды. Ал жергілікті тұрғындар арасында Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі мен Қасқасу бағытына сұраныс жоғары. Кейінгі үшеуінің басты ерекшелігі – олардың Тянь-Шань таулары сілемінде орналасуы. Жаз мезгілінде бұл аймақтар жап-жасыл табиғатымен, таза ауасымен және салқын климатымен ерекшеленеді. Сондықтан аптап ыстықтан тынығып, табиғат аясында белсенді демалғысы келетіндер үшін бұл бағыттар өте қолайлы. Сонымен қатар мұнда жаяу серуендеу, тау туризмі, шатыр тігіп демалу сияқты белсенді демалыс түрлерін ұйымдастыруға барлық мүмкіндік бар.

Фото: Тимур Байғұловтың жеке мұрағатынан

Сіздің ойыңызша, Шымкент маңындағы ішкі туризмнің одан әрі дамуына қазір не кедергі болып отыр? Инфрақұрылым, жол, сервис немесе басқа мәселелер бар ма? Алдағы 5 жылда осы өңірдегі ішкі туризмді жаңа деңгейге көтеру үшін қандай нақты қадамдар жасалуы керек?

— Біріншіден, ең басты мәселе – инфрақұрылым. Көптеген туристік бағыттарға апаратын жолдардың сапасы көңіл көншітпейді, кейбір жерлерде әжетхана, демалыс орындары сияқты қарапайым жағдайлардың өзі жоқ. Таулы аймақтарда қонақ үйлер аз. Сондықтан туристердің ұзақ уақытқа қалып демалуына мүмкіндік шектеулі. Осы бағыттағы инфрақұрылымды дамыту – ішкі туризмнің сапасын арттырудағы ең маңызды қадамдардың бірі.

Екіншіден, Түркістан облысында туристік маркетинг әлсіз жұмыс істеп тұр деп ойлаймын. Жақында Жетісу өңіріне барып келдім. Басқа облыстармен салыстырғанда олар туризмді насихаттау ісінде өте белсенді. Үнемі блог-турлар, ақпараттық турлар және түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныстырып келеді. Соның нәтижесінде ол жаққа келетін туристер саны да жыл сайын артып жатыр.

Бізге де осы тәжірибені кеңінен қолдану қажет. Әлеуметтік желілердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өңірдің табиғаты мен демалыс орындарын тұрақты түрде насихаттау маңызды. Басқа өңірді айтпағанның өзінде жергілікті тұрғындардың көбі Шымкенттің айналасында қаншама әсем табиғи орындар бар екенін толық білмейді. Сондықтан инфрақұрылым мен маркетинг мәселесін қатар шешсек, алдағы бес жылда өңірдегі ішкі туризмді жаңа деңгейге көтеріп, келушілер санын едәуір арттыруға толық мүмкіндік бар.

Фото: Тимур Байғұловтың жеке мұрағатынан

Тур ұйымдастыру кезінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай талаптар сақталады? Тауға шығуға ниеттенген адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Әрине, қауіпсіздік – біз үшін әрқашан бірінші орында. Біз туристерді өте биік немесе арнайы дайындықты қажет ететін қауіпті шыңдарға алып бармаймыз. Маршруттарды алдын ала мұқият жоспарлап, қауіпсіздігі тексерілген бағыттарды ғана таңдаймыз. Ауа райы қолайсыз болып, жаңбыр, дауыл немесе басқа да табиғи қауіптер туындаса, турды кейінге қалдырамыз немесе мүлде өткізбейміз.

Өзімнің тауға тұрақты шығып жүргеніме 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде жинаған тәжірибемнің арқасында барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға ерекше мән беремін. Тур басталар алдында қатысушыларға бағыттың ерекшелігі, қауіпсіздік ережелері және төтенше жағдайда не істеу керектігі міндетті түрде түсіндіріледі.

Тауға алғаш рет шығатын адамдарға ең алдымен өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға кеңес берер едім. Міндетті түрде ыңғайлы аяқ киім мен ауа райына сай киім киіп, жеткілікті мөлшерде су алып шығу керек. Сондай-ақ белгіленген маршруттан шықпай, гидтің нұсқауларын қатаң орындаған жөн. Осындай қарапайым ережелердің өзі табиғат аясындағы демалысты қауіпсіз әрі жайлы өткізуге мүмкіндік береді.

Әңгімеңізге рақмет!