Іргелі ауылында тұтас бір көшенің өзенге ағып кету қаупі бар - kaz.caravan.kz
  • $ 518.81
  • 596.27
+19 °C
Алматы
2025 Жыл
18 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Іргелі ауылында тұтас бір көшенің өзенге ағып кету қаупі бар

Іргелі ауылында тұтас бір көшенің өзенге ағып кету қаупі бар

Алматы іргесіндегі Іргелі ауылында тұтас бір көшенің өзенге ағып кету қаупі бар. Жылдан жылға ағысы қатты Ақсай өзені жарды құлатып, тұрғындардың үйлеріне жетіп қалған. Қазірдің өзінде қоралар мен сарайлар жартылай  суға кеткен. Бірнеше жылдан бері құзырлы орындардан көмек сұраған елге қайырылған ешбірі болмапты. Өйткені үй салуға болмайды деген жер телімдері 10-15 жыл бұрын сатылып кеткен. Енді кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтау қиын.

  • 13 Қыркүйек 2011
  • 749
Фото - Caravan.kz

Бұл қараша елдің қара басын бітпес дауға даурықтырып, түн тыныштықтарын төрт тіліп, қара шаңырақтарына қорқынышпен кіргізіп үрей құшағында ұстаған дүлей күш. Арқыраған асау өзен өзгенікі, өзімдікі деп елеп-екшеп жатқан жоқ. Жыл сайын көктемде қар ерісімен арнасына сыймай аққан қызыл су жарларды жығып, қора-қопсыны қопарып кететін көрінеді. Қазірдің өзінде тұрғындар тілсіз тажалдың үйлерін өңгеріп кетуіне қанша қашықтықтың қалғанын күнде өлшейді. Түстері төртеу болған елдің базынасы біреу- дәтке қуат қылар тірі жанның жоқтығы.

Светлана Ахмедова, Іргелі ауылының тұрғыны:

Өз өміріміз үшін қатты қауіптенеміз. Өзеннің ағысы қатты, жыл сайын жағаға жақындап келеді. Қораларымыз құлады, көктем сайын бірнеше метр жер суға ағып кетеді. Арыздансақ та назар салған ешкім жоқ.  Жауапсыздар барлығы.

Балығы тайдай туламағанмен, Ақсайдың өзені қылық шығарса Іргелі ауылының құты қашады. Іргесінен сөгілген жерді  «жөндеңдер»  деп халық талай арыз жазған. Алайда ақыры жауапсыз деп жазғырып қана қояды. Ауылдағы аталмыш істің тігісін жатқызуы тиіс әкім: «Әзірге ел амалдай тұрсын, қырығына шыдаған қырық біріне шыдайды» -деп шығарып салды бізді.


Ерболат Оразалиев, Іргелі ауылдық округінің әкімі
:

— Мемлекет көлемінде ол өзеннің жағасына ағаш отырғызғаннан басқа жағдай да жоқ, қаражат та жоқ.   Бүгінгі таңда құлап,  ертеңгі күні далада қалатын үйлер жоқ. Ал сел болған кезде сол көшенің барлық үйлеріне сондай қауіп бар.

Қауіп болғанмен алдын алуға қауқарсыз,бәлки,  құлықсыз әкімдік. Осыған дейін  үш комиссия тағайындалғанмен,  барлығы бір ауыздан  «жер жыртылып кетпес»  деп қорытқан. Әкімде соған сенгендей.

Қандай жұмыс жүргізем? Сенің мақсатың сонда, соның үйінің қасына барып жатайын ба?!

 Жатқаны былай тұрсын, жағадағыны жарылқап алса да жетер. Адуынды ел бұл жауапқа да қанағаттанбады.

Атқақтап аққан Ақсайдың тереңдігі қазір  екі метр. Бірақ,  бұл асау ағынның «момақан күйі»  деп сендіреді тұрғындар. Өйткені жарды жығып, айналадағыларды үрейге бөлеген толқындардың биіктігі көктемде 6 метрге дейін жетеді екен. Діңімен дөңкейіп құлаған алып ағаштарды көргенде бұған да еріксіз сенесіз.