Бұл — Қызылорда облысының орталық ауруханасында бактериалдық тексеруден өтіп жатқан сарбаздар. Әзірге нақты неден екені білгісіз, бірақ барлығына «ұшынған» деген диагноз қойылуда. Жексенбіден бері осылай дәрігерлік көмекке 36 сарбаз жүгінген.
Қарагөз Балабекова, Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
— Интоксикация белгілері — дене қызуының көтерілуі, дәреттерінің жиіленуі. Себептері әлі белгісіз. Барлық шаралар қолданылып, аурулар ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда 7-уі ем алуда.
Десе де қазір ұшынған сарбаздардың жағдайлары жақсара түскен. Сондықтан 7-уден басқасы алғашқы жәрдемнен кейін кері жіберіліпті. Ал ішек ифекциясының таралуын, әскерилер «бар кінәрат судан» болуы мүмкін деп топшылап отыр.
Есжан Сыбанбаев, Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры:
-Алдын ала болжам бойынша, «судан болды» деп отырмыз. Оның барлығын арнаулы жүргізілген зерттеулер көрсетеді. Осы дерек анықталған соң сіздерге хабарлаймыз.
Қазір «ұшыну» дерегімен Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, бөлімшенің асханасы мен азық-түлік жеткізу жүйесі де қатаң тексеріліп жатыр. Айта кетейік, бұл Ішкі істер министрлігіне қарасты №5547 әскери бөлімінен шыққан бірінші шулы жайт емес. Тура 2 апта бұрын да мұнда борышын өтеген оралдық сарбаз қаза болған еді.
— Өлім аузында қалдырған. Ақырғы диагнозда өкпесі қабынған депті. 21 ғасырда пневмониядан өле ме? Сенбеймін.
Болжам бойынша, 19 жастағы Арыслан Ахметтің өліміне асқынған тұмау себеп болған. Бірақ әзірге ол да нақты емес. Енді, Қызылорда гарнизонының тергеушілеріне бір бөлімшеге қатысты қос қылмысты қатар анықтауына тура келмек.