«Ислам әлемі жаңару мен жаңғыруды жақтайды»-республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Ислам әлемі жаңару мен жаңғыруды жақтайды»-республикалық басылымдарға шолу

«Ислам әлемі жаңару мен жаңғыруды жақтайды»-республикалық басылымдарға шолу

Кеше Тәуелсіздік сарайында 3 күнге созылған Ислам Ын­тымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өз жұмысын аяқ­тады. Кеңес жұмысы алдыңғы жұмыс күндеріндегідей бұқа­ралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз жабық есік жағдайында өткізілді. Кеңес оты­рысы қорытындысында ИЫҰ СІМ Кеңесі Астана дек­ла­ра­ция­сын қабылдады. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Ислам әлемі жаңару мен жаңғыруды жақтайды» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Төраға ретінде Қазақстан алдында Астанада қабылданған қарар­лар мен шешімдерді орындау міндеті тұрғандығын баса айтқан ҚР СІМ Ержан Қазыханов: «Осы орайда Қазақстан қабыл­данған шешімдерді жүзеге асыру ісіндегі жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алады», - деді сессия жұмысын қорытындылау барысында.

  • 1 Шiлде 2011
  • 683
Фото - Caravan.kz


«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі елор­да­да­ғы Ұлттық академиялық кітапхана қорына көптеген шетел тілдерінде жарық көрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Елбасы туралы түрлі кітаптар жинағын тарту етті. Салтанатты рәсімге ғы­лы­ми қауымдастық, дипломатиялық корпус және бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Ұлттық академиялық кітапхана қорына табыс етілген кітаптар арасында әр жылдары Президент қаламының ұшынан шыққан «Қазақстандық жол», «Сындарлы 10 жыл», «Бейбітшілік кіндігі» және Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қа­рыш­ты қадамы», Пьер-Люк Сегийоның «Еуразия тұғыры» сын­ды кітаптар бар.

***

Мал шаруашылығын дамыту бойынша жобалардың жүзеге асырылуының көңіл көншітпейтінін «Нұр Отан» ХДП сарапшылар тобы сынға алуда. Ел Үкіметі ет өнімдерін мол беретін мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоба жасап, оны жүзеге асыру үшін 130 млрд. теңге бөлді. Бүгінде қаржының алғашқы бөлігі жергілікті жерлер бюджетіне түсіп, жобаны жүзеге асыру басталып та кетті. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бірінші бағыт — асыл тұқымды мал нормативті-құқықтық базасын жетілдіру. Үлкен шаруаны бастар алдында оның базасын жасау керектігі белгілі. Міне осы мәселе «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Жақсы жобалар неге жолда қалады?» деген мақалаға арқау болған.

2003 жылы әлемге әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев жетекшілік ететін Батыс Қазақстан облыстық филармониялық оркестрі құрылғанда «қазақ әні мен әуенінің өрісі кеңейетін болды» деп қуанғандар аз болған жоқ. Алайда қазақ шығармалары әлемдік сахналарда жиі ойналып, скрипканы серік еткен ақжайықтық өнерпаздардың кәсіби деңгейі жоғарылайды деген үміт ақталмады», — деп жазады «Айқын» газеті «Бисенғалиевке берілген қаржы өзін-өзі ақтады ма?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бір қызығы, Ақ Жайық өңірінің осыншама игілігін көрген бұл оркестрдің құрамында қазір бірде-бір батысқазақстандық жоқ. «М.Бисенғалиевтың таңдауымен оркестр құрамына Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, тіпті Жапония сықылды алыс-жақын шетелдердің музыканттары алынған. Ал облыс оркестрінің материалдық әлеуеті мен музыканттарын пайдаланып, Алматыда «ТұранӘлемБанкі» АҚ-тың және Үндістанның Мумбай қаласында скрипкашы оркестрлер құрылуын қалай түсінуге болады?» деп жергілікті зиялы қауым аң-таң.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Ақтөбенің іргесіндегі Алға қаласының тұрғыны Айдар Сапаров өз-өзін өртемекші болды. Ол — осыдан екі ай бұрын қақтығыста қаза болған Әлібек Имамурзиннің ағайыны. Қайғылы оқиғаның болғанына екі айға жуықтап қалса да, істің шиеленіскен тұстары көп. Азаматты мұндай қадамға итермелеуге де осы жағдай себеп болған. Әділдік іздеп жүрген азамат қазір Алға аудандық ауруханасында жатыр. Мән-жайды толығырақ білгіңіз келсе, «Ашынған ақтөбелік өзіне-өзі от қойды» деген мақалаға назар салыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында Саясаттану және философия институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаевпен арадағы сұхбат «Білім — әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек» деген тақырыппен берілген. Тілші сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Жасыратын жоқ, біздің елде қалыс қалған мәселе ол — дін жағы. Кеңес дәуірі кезінде «дін — апиын» деп бәрімізді діннен алшақтатып жіберді. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ислам дінінің рөлі кезінде өте зор болды. Сондықтан біз өзіміздің исламды, ислам болғанда арабтың я болмаса иранның исламы емес, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін, Шәкәрімнің философиясын, қазақтың исламын, Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі исламды бойымызға сіңіруіміз керек», — депті.

Соңғы жаңалықтар